ERG корпоративтік коммуникациялар департаменті хабарлағандай, биылғы турнирге компанияның барлық бөлімшелері қатысты, ал бұл дегеніміз еліміздің төрт тарапынан келген 9 команда. Екі күндік жарыста 60, 66, 74, 82, 90, +90 келі салмақтағы 100-ден аса балуан белдесіп, «Түйе балуанды» анықтады.

Нәтижесінде 60 келі салмақ дәрежесінде - Серікбол Байдәулет («Шұбаркөл көмір» АҚ) үшінші орынға, Бәкібай Байдәулет («ССКӨБ» АҚ) – екінші орынға ие болса, жеңімпаз Биболат Догдархан («Қазхром» ТҰК» АҚ) атанды.

66 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз «Қазхром» ТҰК» АҚ өкілі Тимур Ақмурзин болды, ал екінші орын Нұрсұлтан Каменовке («ҚЭЗ АҚ»), үшінші орын – Дархан Тұяқовқа («Қазақстан алюминийі» АҚ) бұйырды.
74 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын – Нұрлыбай Төлеутаевта («Шұбаркөл көмір» АҚ), екінші орын - Санат Самкеновте («Қазақстан алюминийі» АҚ), үшінші орын – Ернұр Егісте («Қазхром» ТҰК» АҚ).
82 келі салмақ дәрежесінде – Айтбай Манап («Казхром» ТҰК» АҚ) бірінші орынды, «күміс» жүлдені Әсет Серікжан («Қазхром» ТҰК» АҚ) және үшінші орынды Қуанышғали Жаманбек («Шұбаркөл көмір» АҚ) еншіледі.
90 келі салмақ дәрежесінде – үшінші орынға Сабыржан Қабиденов («Қазхром» ТҰК» АҚ), екінші орынға Қайрат Өтегенов («ССКӨБ» АҚ), бірінші орынға - Илья Шабанов («Қазақстан алюминийі» АҚ) ие болды.
Ал 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде, яғни «Түйе балуан» атағы үшін күресте үшінші орын иегері Әзілхан Достанов («Қазхром» ТҰК» АҚ), екінші орын иегері Евгений Ефименко («ССКӨБ» АҚ) және жеңімпаз Талғат Жиентаев атанды.

«Түйе балуан» дәрежесінде де жеңімпаз анықталды. Ауыр салмақ дәрежесінде турнирдің бас жүлдесін «ССКӨБ» АҚ балуаны Талғат Жиентаев жеңіп алды.

– Қарсыластарыммен әр кездесуге мен жігерленіп шықтым, – дейді турнирдің абсолют чемпионы Талғат Жиентаев. – Финалда екінші рет әріптесіммен бозкілемде белдестім. Күресу оңай болмады, денені қыздырып шығу керек болды. Бұл менің қолымнан келді. Мен тек жеңіске дәмелі едім. Әр қарсыласқа қарсы өз тактикам болды. Турнирдің атмосферасының өзі бізді жеңіске рухтандырды. Әсіресе, жанкүйерлер мен басшылықтың қолдауы күшті еді! Мұның бәрі спортшыларға жақсы жігер берді. Баршаңызға зор алғыс білдіремін! Жеңісімізді қазақстандық олимпиадашыларға арнаймыз!

Жарыс чемпионына ақшалай сертификаттан басқа республикалық «Қазақстан барысы» турнирі марапатындағыдай арнайы сыяпат - «ERG Барысы» шапаны мен белдігі табыс етілді.

Еске сала кетейік, мұндай турнир облысымыздың өнеркәсіптік кәсіпорындары өкілдері арасында ERG құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 10 жылдығы аясында өткен болатын. Спорттың дәл осы түріне таңдау жасау айтулы оқиғаға байланысты екенін де айтқан жөн. Себебі, 2017 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген еді.

– Өткен жылы да қазақ күресінен жарысты тамашалаған едік. Бүгін осы дәстүр жалғасын тауып, ұлттық спорт – қазақ күресімен қатар, спорт кешенінің өзге алаңында асық ату мен тоғызқұмалақтан жарыстың куәсі болдық, – деп атап өтті құттықтау сөзінде қала әкімі Нұржан Әшімбетов. – Қазақ күресінен турнир шахтерлер мен металлургтер арасында өтіп жатқаны тегін емес. Себебі, бұл азаматтар нағыз батырлар, олар күнделікті қажырлы еңбекпен жеңіске жетуде. Еуразиялық Топ еліміздің өңірлерінде маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға зор үлес қосып келеді. Атап айтқанда, бұл компания біздің қаламызда спортты дамытуға қолдау көрсетуде. Өткен жылдың өзінде-ақ Павлодар қаласында компанияның демеушілік қолдауымен жаңа спорт алаңдары мен воркауттар ашылды, Металлургтер саябағы мен өзге де нысандар жаңа келбетте жаңғырды. Спортшыларға тек жеңіс тілеймін! Алға, батырлар!

Өткен жылы бозкілемде «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Евроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Қазхром» ҰТК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты, сонымен қатар «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ спортшылары кездескен болатын.

Биылғы турнирге қатысушылар саны артты. «ERG Барысы» 2018 турниріне Астана, Алматы, Қарағанды, Рудный, Ақтөбе, Лисаковск, Павлодар мен Екібастұз қалаларынан командалар қатысады.

– Қазақ күресінен турнир өткен жылы жалауын көтерген еді. Бірінші турнирге Павлодар өңірінің төрт кәсіпорны ғана қатысқан еді. Ал, биылғы турнирге Еуразиялық Топтың барлық бөлімшелері қатысуда. Осы турнир арқылы біз корпоративтік рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттап, барша азаматтарды осындай тамаша бастамаға қатысуға шақырамыз, – деді Еуразиялық Топ басшылығы атынан құттықтау сөз сөйлеген «ERG коммерциялық орталығы» ЖШС бас директоры Ильмир Масгутов.

Турнир меймандары және олардың қатарында болған қазақ күресі мен «Қазақстан барысы» дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев жұмысшы мамандық иелері қатысқан турнирге дайындық пен ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

pavlodarnews.kz

Тэги: