Бұл туралы бүгін  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылық кооперациялар бөлімінің басшысы Нұралы Қабиев айтты.

- Биылғы жылы жаңа кооперативтерді ашу жоспарда жоқ, - дейді Нұралы Қабиев. - Қазіргі таңда  тоқтап тұрған кооперативтермен жұмыс жасауға көңіл бөлінеді. Оларды үш категорияға бөліп тастадық:  жұмыс істейтін,  келешегі бар және  келешегі жоқ кооперативтер. Көбінесе мал шаруашылығы бағытында ет дайындайтын кооперативтердің ісі алға баспай тұр. Себебі  модульдік бордақылау алаңдарын сатып алу керек немесе істеп тұрған есептік нөмірі бар мал сою пункттерімен келісімшартқа отырып, кооперавтивтің құрамына енгізу қажет. Мәселен,  13 кооператив Павлодар ауданында орналасқан. Бүгінгі күні олардың  алтауы тиісті жабдықтармен толығымен жабдықталмаған. Бұл кооперативтер бертін ашылған. Сондықтан  бизнестің дамуы үшін біраз уақыт керек. Бұл мәселелерді операторлар арқылы қаржыландыру жолымен шешуді жоспарлап отырмыз.

Спикердің айтуынша, былтырғы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 37 ауыл шаруашылығы кооперативіне 277,2 млн теңгеге несие берілген.  Бөлінген қаржыға тоғыз модульдік сүт қабылдау бекеті, екі модульдік малды бордақылау алаңы ашылған және екі сүт тасу көлігі, 10  рефрижератор, 17 трактор сатып алынған.

Мал шаруашылығын субсидиялау тарапынан мал сою пункттері  мен бордақылау алаңдарын жалға алу бойынша бірқатар өзгерістер енгізу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігіне хаттама жолданған.  

-  Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ  жергілікті әкімдіктермен бірге көшпелі семинарлар өткізіп, тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын өткізеді.  Өткен аптада Успен және Шарбақты аудандарын аралап, шаруалардың мәселелерімен таныстық, - дейді Нұралы Кабиев.

Ақбота Сейсенбаева

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар