Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Қазан айында Наурыз мерекесіне орай бағдарлама дайындау бойынша Павлодар қалалық мәдениет бөлімімен келісім жасадық, - деді Асқар Наймантаев. – Дайындық сол кезден басталды десек те болады. Бүгін қалалық шығармашылық ұжымдардың басшыларымен кездесіп, алғашқы тапсырмаларын бердік. Былтырдан бері Ертіс өңірі Ұлысты ұлы күні 30 күн ойын, 40 күн тойын жасап ерекше атап өтуде. Сондықтан бұл жолы да ерекшелеу болсын деген ниетпен іске кірістік. Әдеттегі дәстүрлі қайталана беретін дүниелерді доғардық. Қарапайым би болса да, өз мағынасымен мазмұнды, сюжетті болғаны дұрыс. Жыл сайын тұсау кесіп, Қыдыр ата бата беріп, баланы бесікке бөлейтін Наурызды көріп келеміз. «Ең алғашқы тұсауы кесілген бала 25-ке келді-ау», деп өз сатирамда айтып жүрмін. Наурыз дегенде қазақтың өзінде «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп айтылатын сөзі бар. Самарқанның көк тасы деген не? Соны іздеп, соған көңіл бөлдік. Оған қоса, тағы да басқа наурызға қатысты аңыздар сахналанатын болады. Бұның барлығы жергілікті өнерпаздардың күшімен атқарылады.

Сонымен қатар, Асқар Наймантаев сол күні халықтың сүйікті эстрада жұлдыздары өнер көрсететінін жеткізді. Тамашаның тарланы Мұхаммеджан Мырзекеевтің қуыршақ театры балаларға арнап «Қырғын комедия» қойылымын ұсынады.

Айта кетелік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев бұған дейін Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында наурызға арналған мерекелік шараларға жетекшілік еткен.

22-наурыз күні кешке Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өзінің «Қызық кәнсерт» атты жеке концерті халыққа тегін ұсынылмақ.

Еске сала кетейік, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков Ертіс өңірінде Наурыз 40 күн қатарынан тойланатындығын айтқан болатын.

Оразбек Саяхат
Суретті түсірген автор

pavlodarnews.kz

Тэги: