Елбасы өзі атап отырғанындай, латын таңбалы жазуға көшу жұмысы біртіндеп жүзеге асырылып отыр. Бүгін, 2018 жылғы ақпанның 20-сында, латын таңбасындағы Қазақ әліпбиінің нақтыланған нұсқасы толыққанды қабылданды. Бұл – шешімін тапқан соңғы нұсқа болып отыр.

Бүгінгі қабылданған нұсқа да 32 әріпті қамтып отыр. Бірақ оның алдыңғы нұсқаға қарағанда ерекшелігі: әріптер апострофпен емес, ноқатпен белгіленіп, жазу барысында жеңілдетілетіндігінде болып отыр. Сондай-ақ «ш, ч» таңбалары да жинақыланып, апострофтан арылтып, екі таңбалы ағылшын тіліндегідей берілген. Апостроф – дауысты дыбыстар аралығына қатысты қойылатын жіңішкелік мағынасындағы таңба.

Қазіргі уақытта оның қолданысы кеңейіп, белгілі бар жағдайға қарай дауыссыз дыбысқа да қойылатын болды. Бірақ оның алдыңғы нұсқада жіңішке дауысты/дауыссыз дыбыстарға «шексіз» қолдануы тәжірибелік тұрғыдан икемсіздігі аңғарылған-ды. Ал бүгінгі Жарлықпен қабылданған жаңа нұсқадағы әліпби қолданысы жағынан қиындық туғызбайтыны сезіледі.

Латын таңбасындағы Қазақ әліпбидің қабылдануы Қазақ елінің тұтастығын ұстап, жаһандық деңгейде дамуы үшін қажет. Латын негізіндегі Қазақ әліпбиі мемлекеттік тіл қолданысын өрістетуге ықпалын тигізеді, өйткені шет тілін үйренушілер латын таңбалы жазуды тез игеретіні тәжірибеде байқалып жүр, ендеше Қазақ тілін латын таңбасындағы әліпби арқылы белгілеу арқылы басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді үйренуге көңілдері басымырақ ауады. Сонымен бірге шет асып кеткен қандастардың да Қазақ елінің өмірімен осы таңбадағы тілмен тікелей танысып отыруына мүмкіндік ашылады. Сондықтан өткен ғасырдың 90-жылдарынан қарастырылып келе жатқан жаңа Қазақ әліпбиінің бүгін нақтыланып, мемлекет тарапынан шешім тауып отырғаны көңіл қуантады. Біз де өз тарапымыздан қостайтындығымызды білдіреміз.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, филология ғылымының кандидаты, профессор Ырысгүл  Шақаман  


pavlodarnews.kz

Тэги: