Бұл туралы агенттікке облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорт бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов айтты.

- Ерлер арасында 500 метр қашықтықтағы эстафетаға Қазақстанның атынан Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша сынға түсті. Павлодарлық Денис Никиша отандастарымыз арасынан бірінші болып мұз айдынға шығып, қашықтықты 41.436 секунд уақытта бағындырса, Нұрберген Жұмағазиев 40.748 секунд уақытта, ал Абзал Әжғалиев 43.388 секунд уақытта мәреге жетті. Енді олар алдағы күндері жартылай финалға шығу үшін бақ сынайды, - деді Айбек Ақылжанов.

Бас маманның айтуынша, алдағы уақытта өңіріміздің үміткерлері Дарья Климина биатлоннан әйелдер арасындағы эстафетаға, Максим Браун биатлоннан ерлер арасындағы эстафетаға, Анна Шевченко шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы 30 км қашықтыққа классикалық стилде жүгіруге қатысады.

Еске салайық, 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан 23-қысқы Олимпиада ойындарына Павлодар облысының атынан биатлоншы Дарья Климина, Максим Браун, шаңғышы Анна Шевченко, шорт-трекшілер Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев пен Ким Йонг А Қазақстан құрамасының сапында бақ сынауда.

Оразбек Саяхат
Фото: sports.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: