Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге байқау жарияланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, алаңның жабындысын күрделі жөндеу күзде басталып, екі ай жалғасады.

Стадионның көгалы соңғы рет 50 жыл бұрын жаңартылған. Әбден сиреген шөп пен тозығы жеткен жүгіру жолағын ауыстыру қажет-ақ.

«Стадион Бірінші лига мен Премьер-лига ойындарын өткізуге Қазақстан Футбол федерациясы қоятын талаптарға сай болуы тиіс. Ол үшін жылыту және өздігінен суару жүйесі енгізіліп, жаңа көгал төселеді. Батыс және шығыс трибуналардың үстін шатырмен жабамыз. Жоспар бойынша, жарықтандыру жүйесі жөнделеді. Бұдан тыс, жаңа жүгіру жолағын төсеу керек. Трибуналардың ішін, киім алмастыру бөлмелерін, жылыту жүйесін де жөндеуден өткізу қажет», - дейді Семей денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Құржықаев.

Қаржы бөлінген соң, стадион жабылып, футболшылар матчтарын Өскеменде өткізетін болады.
Денешынықтыру және спорт бөліміндегілер жанкүйерлер де футболсыз қалмайтынын, оларды облыс орталығына көлікпен тасымалдау жағы да ойластырылатынын айтады.

Стадионды күрделі жөндеуге қанша қаржы бөлінетіні жоба-сметалық құжаттамалары дайын болған соң анықталады.

pavlodarnews.kz

Тэги: