Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен  кеңейтілген мәжілісте ТЖД бастығының міндетін атқарушы Самат Асайынов айтты.

-    Биыл  Ертіс өңірінде қар жамылғысы 2017 жылмен салыстырғанда 30 пайызға, ал белгіленген нормадан 10 пайызға төмен түскен, - дейді  Самат Асайынов. - Облыстық ТЖД өткен жылғы жағдайларды ескере отырып,  көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін 57 елді мекен мен бір темір жол учаскесін назарға алған.  57 елді мекеннің ішінде 41-і географиялық тұрғыдан қолайсыз орналасуына байланысты және 16-сы Ертіс өзенінің көтерілуінен су басуы мүмкін.

Оның айтуынша, аталған 41 елді мекенде комиссиялық тексеру өткізіп, арықтар мен траншеяларды қардан  тазарту қажет. Бүгінгі таңда қалалар мен аудан орталықтарынан ғана коммуналдық қызметтермен 410 мың текше метр қар шығарылған.

Су басу қауіпі бар учаскелердің барлығы жергілікті атқарушы органдар  және жол ұйымдарымен қалыпқа келтірілген. Алайда бүгінгі күнге дейін республикалық маңызы бар Қалқаман - Майқайың - Баянауыл жолындағы 101 шақырымдағы учаскеде  қатты жамылғы (асфальт) төселмеген.

Баянауыл ауданындағы жағдай туралы аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов баяндады.

- Біз өткен жылы су тасқыны шайып кеткен Көкдомбақ және Жаңажол ауылдарына апаратын жолдарды ағын су жолдардың үстінен ағып өтететіндей  жөндедік, - деді Оразгелді  Қайыргелдинов. – Қараащы ауылына  қарай жолда ені 15-20 метр болатын суағар канал орнатылды. Осылайша, Қараащы мен Теңдік ауылдарына келетін ағын су Ащысу өзенінің арнасына құйылады.

Мәжіліс соңында  облыс әкімі Болат Бақауов жергілікті полиция қызметіне әр көктем сайын өзен-көлдерде балық аулау кезінде жұқа мұздың кесірінен зардап шегетін балықшылармен профилактикалық жұмыс жүргізуді тапсырды.

- Көктемде қанша тырысқанымен балықшылардан айырыламыз. Өткен жылы Усолка шағын ауданында айнала судың ортасында адамдар балық аулап отыратын. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейту керек. Қыс бойы өткелдер жабық тұрып, енді ашылып жатыр, - деп аймақ басшысы ауылдық жерлердегі өзен алқаптарында  тұрғындардың мал жаюына тосқауыл қоюды ескертті.

Ақбота Сейсенбаева
Суретті түсірген Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: