Бұл туралы   ҚазАқпарат хабарлайды.

 «Мына бір мәселені ескеру керек, 7 пайыздық ипотека банктер арқылы берілмейді. Үкімет пен Ұлттық банк арнайы компанияны құратын болады. Аталған компания арзан ипотеканы берумен айналысады. Мәселен, қазіргі кезде екінші деңгейлі банктерде ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 15-17 процентті құрайды. Ал жаңа компанияны Ұлттық банк субсидиялайды. Соның арқасында 7 проценттік ипотека беруге мүмкіндік болады. Аталған шара тұрғын үйдің сапасына кері әсерін тигізбейді», - деді Ж.Қасымбек Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаға араласпайды. Аталған ұйым өз қызметін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғастыра береді. Бүгінде ҚИК арқылы берілетін ипотеканың соңғы мөлшерлемесі 10 процентті құрап отыр.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық банкі жанынан 7 проценттік ипотеканы беретін жаңа компания құрылады.

pavlodarnews.kz

Тэги: