Қалалық мәслихаттың депутаттары тұрғындарды тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді ұсыну сапасын зерттеу мақсатында кезекті сапарға шықты.  Кездесу барысында халық қалаулыларына  Мойылды кентінің тұрғындары барлық автобустардың ескіріп, сирек жүретіндігіне шағымданды.

 Олардың бірі автобустардың жиі сынып қалатынын және  орнына шағын  классты басқа автобустар шығатынын айтты. Нәтижесінде үйіне жетуге асыққан адамдардың барлығы сыймай қалып, такси шақыртуға тура келеді.

 Енді бірі өтінбеген жағдайда Олжаста тоқтамай ағып өтетіндігіне налыды. Сол сәтте  әңгімеге Мойылды кентінің келесі бір тұрғыны араласты. Ол жүргізушілердің сапар парағында бұл аялдаманың жоқтығын және қарапайым жүргізушілерден талап етудің орнына әкімдікке хабарласу керектігін айтты.

-  Орта классты қосымша автобус сағат 18.40-та жүреді, Усолка шағын ауданынан сағат 18.05-те шығады, - деді № 1 автобус паркінің жетекші инженері Сергей Тарасов. – Егер де орын жетіспесе, жолаушылар ағынын зерттеп, үлкен классты автобусты іске қосу керек. Аялдамаларда тоқтамайтыны туралы алғаш рет естіп отырмын. Аялдамада адам тұрған жағдайда қалайша  ағып өтуге болады?

 Сонымен қатар  маман шағын және үлкен классты автобустардың интервалы 10-12 минут болса, Мойылдыда бір-екі сағатты құрайтынын  жеткізді.

- Бүгін жолаушылар тасымалы ағынының сапасын қарай бастадық, - деді «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Нәйла Ахметова. -  Әрине, тұрғындар тарапынан түрлі ескертулер мен ұсыныстар түсуде. Айтарлықтай өрескел бұзушылық анықталмады. Салонның іші таза, автобус сынып қалған жағдайда басқасы жіберіледі. Осы автобуспен қатынайтын тұрғындар қосымша қоғамдық көлік қажет екенін айтуда. Бұл мәселе алдағы уақытта қарастырылады.

 Томирис Бекжан
Суреттерді түсірген Елизавета Весленева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, автобус, № 1 автобус паркі, жолаушылар