Бұл жөнінде балаларды асырап алуды қолдау орталығының өкілі Мәншүк Уәлиева айтты.

- Бала асырап алғысы келетін 20 үміткер үш айға жуық уақыт дайындалып, 12 сабаққа қатысты, - деді Мәншүк Уәлиева. - Дайындық тұрақты түрде өтіп келеді. Психологтарымыз асырап алу кезінде туындауы мүмкін мәселелер және олардан құтылу жолдары жөнінде кеңес берді. Астана, Өскемен, Семей қалаларынан келгендер бар.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Гүлбағда Кәрімованың айтуынша, адамдар көбінесе кішкентай балаларды бауырларына басуға ниет білдіреді. Олардың басым бөлігі үш-төрт жастағы балаларды алуға тырысады және 10 жастан асқан, 12-14 жастағыларды асырап алудан қорқады. Алайда бұл балалар да қамқорлық пен мейірімді қажет етеді.

- Біздің балалар ауылының базасында балаларды асырап алуды қолдау орталығы жұмыс істейді, - дейді Гүлбағда Кәрімова. - Орталық мамандары жұмысының нәтижесінде ойлары өзгеріп жатқандар бар. Бүгінгі үміткерлер үлкен балаларды асырап алуға дайын. Сонымен қатар бізде заң бойынша бір отбасынан келген балаларды бөлуге болмайды. Сондықтан олардың барлығын алу керек.

Лебяжі ауданы Шарбақты ауылының тұрғыны Құралай Смағұлова дайындық және құжаттарды рәсімдеу кезеңдерін аяқтап, асырап алуға кіріспек.

- Мамандар көп көмек көрсетіп, барлығын түсіндіріп берді, - деді Құралай Смағұлова. - Өзіміздің екі үлкен ұлымыз бар. Олардың екеуі де отбасын құрған. Қалада тұрады. Немерелеріміз де ұлдар. Қыз жоқ болғаннан кейін жарым екеуіміз қыз асырап алуды жөн санадық. Балаларымыз да қарсы емес. 26 жыл ұстаздық тәжірибем бар. Ауылдық мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын. Қыздардың жасы 14 жасқа дейін болса деген ойдамыз. Қыркүйек айынан бастап құжаттарды жинақтай бастадық. Қазір қандай балаларды алатынымызды шешіп қойдық. Төрт баланы қамқорлыққа алмақ ойымыз бар.

Оразбек Саяхат
Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: Қоғам, бала асырап алу