Жиын басында қала әкімі Нұржан Әшімбетов Елбасы үндеуін түсіндіріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырып өтті.

- Барлықтарыңыз білетіндей «Сарыарқа» шағын ауданында 10 үй тұрғыздық, - деді Нұржан Әшімбетов. – Енді 12 үйдің жобасы дайындалуда. Яғни, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы бойынша тағы да үйлер салуға мүмкіндігіміз бар. Оған қоса, 2017 жылы қала бойынша шаруашылықтарды қолдау үшін 220 млн теңге несие берілген. Енді бұл көрсеткіш те артатын болады.

Сонымен қатар, шаһар басшысы қалалық білім бөлімінің жетекшісі Гүлжан Қадырбаеваға дүйсенбіге дейін әр колледж бен университеттің жатақханаларына қанша орын қажет екенін және бос жер телімдерін анықтауды тапсырды.

Ленин кентінің кәсіпкері Уәлихан Нығманов Елбасының үндеуі кәсіпкерлер үшін көп көмек екенін атап өтті.

- Президентіміздің қолдауымен көптеген істер атқарылып жатыр, - деді Уәлихан Нығманов. – Өзім 2012 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Бас кезінде машина жөндеу орталығын ашқанмын. Кейін мал өсіруді жөн көрдім. Қазір екі жеке кәсіпкерлігім бар. Бірі мал шаруашылығымен айналысса, екіншісі арнайы техникалармен мемлекеттік тапсырыс бойынша ауыл тазалығына араласады. Соңғы рет «Сыбаға» бағдарламасымен несие алғанмын. Кәсібім кеңейтуді талап етіп отыр. Елбасының үндеуі бойынша тағы несие алудың мүмкіндігі туды. Жұмыс істесе, бар жағдай жасалады. Сол үшін Президентімізге алғысымыз зор.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы ART бөлімінің басшысы Әсия Мұқашева баспана мәселесі жастар арасында өзекті екенін жеткізді.

- Елбасы бастамасын ықыласпен тыңдадым, - деді Әсия Мұқашева. – Жастарды баспана мәселесі қатты толғандырады. Орталығымызда күніне 10 консультация өтеді. Көбінесе мемлекет тарапынан қалай үй алу, кезекке тұру, жалдамалы үйге қол жеткізудің жолы, қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екендігі жөнінде сұрақтар қойылады. Мамандарымыз барынша көмек көрсетуде. Әсіресе, жас отбасылар баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі туғанына қуанышты. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Қазақстан дамуының жаңа кезеңі болмақ. Әлеуметтік жағдайды көтеру халық үшін маңызды. Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Биік шыңдарды бағындыруға еліміздің күші жетеді.

Оразбек Саяхат
Суреттерді түсірген автор

pavlodarnews.kz

Тэги: