Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

«Жалпы, Астана қаласындағы денсаулық сақтау саласында 18 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Соның ішінде, медициналық қызметті лицензиялау бойынша мемлекеттік қызмет бүгінгі күні 100% автоматтандырылған. Медициналық мекеменің 3 мемлекеттік қызмет түрі бойынша барлық мәліметтер өзара біріктірілген «Амбулаториялық емхана көмегі» ақпараттық жүйесі орнатылған. Яғни, медициналық мекеменің тіркеу бөліміне келіп түсетін дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту жөніндегі ақпараттардың барлығы ақпараттық жүйеге біріктіріледі», - деді ол.

Надыровтың айтуынша, ақпараттық жүйеге келіп түскен бұл мәліметтерді медициналық мекеме дәрігерлері мен мамандары көре алады.

«Өткен жылы денсаулық сақтау мекемелерімен шамамен 3,5 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 2,5 млн қызмет түрі электронды түрде көрсетілген. Яғни, біздің азаматтардың 78,7%-ы мемлекеттік қызметтерді электронды түрде сәтті рәсімдеп жүр», - деді басқарма басшысы.

Ол электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда медициналық мекеменің көптеген қызмет түрлерін электронды үлгіде алуға болатынын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта жүзеге асырылатын «Самарт медицина» жобасына қатысты жетістіктерге де тоқталып өтті.

«Медициналық-ақпараттық жүйені енгізу бізге не береді? Бұл үш тарап үшін де тиімді: бірінші орында – емделуші. Дербес электрондық денсаулық төлқұжатында оның денсаулығына қатысты барлық қажетті ақпараттар болады. Емделушілерге өздерімен бірге амбулаториялық карталарын, тексеру суреттері мен талдау нәтижелерін алып жүру қажеттілігі болмайды. Екінші жағынан, бұл медицина қызметкері үшін тиімді. Дәрігерлердің қағазбастылығын азайтып, науқастарды қабылдау уақытын ұзартуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дәрігер емделушінің денсаулығына қашықтықтан мониторинг жүргізе алады. Қазірдің өзінде қоғамда қан құрамындағы қант мөлшерін, қанның артериалық қысымы деңгейін қашықтықтан мониторингтеуге мүмкіндік беретін гаджеттер пайда болып үлгерді. Үшінші жағынан, медициналық мекемелерде орын алып жатқан барлық әрекеттерді бізге онлайн алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, аталған жүйенің денсаулық сақтау басқармасы үшін тиімділігін айтпасақ та түсінікті. Жалпы, аталған жобаны осы жылдың қыркүйек айында дейін іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

pavlodarnews.kz

Тэги: