Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

Парламенттің төменгі палатасында «ҚР Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Депутаттарға аталған заң жобасын Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов таныстырды.

Алдымен министр 2010 жылғы 20 маусымда АҚШ-тың Ауғанстанға тұрақтандыру және қайта қалпына келтіру бағытындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылғанын, әрі сол жылдың 12 қарашасында Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қалпына келтіруге қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы жүк пен персоналды әуе транзиті туралы келісім жасалғанын атап өтті.

Осы орайда Қайрат Әбдірахманов өткен жылы америкалық тарап Ауғанстанға арнайы жүктерді тасымалдау бағытындағы келісімдерге өзгерістер енгізу туралы өтініш білдіргенін мәлім етті.

«Атап айтқанда, америкалық тарап солтүстік тарату желісіне Ақтау және Құрық порттарын енгізуді ұсынды. Бұл оларға арнайы жүктерді Әзербайжаннан Каспий теңізі арқылы Қазақстанға және одан әрі теміржолмен Сарыағаш-Келер немесе Бейнеу-Қарақалпақстан арқылы Өзбекстанға және Ауғанстанға жеткізу мүмкіндігін береді. Қол қойылған хаттама келісімнің шын мәнін өзгертпейді», - деді министр.

Сонымен қатар Қайрат Әбдірахманов аталған заңдағы өзгерістер Қазақстан мүдделеріне зиян тигізбейтінін атап өтті.

«Солтүстік тарату жүйесінің қызмет етуі Қазақстан АҚШ-тың страгиялық әріптестік және Ауғанстандағы бейбішілік пен тұрақтылық орнатуды қалайтын ел ретінде Қазақстанның мүдделеріне толықтай сәйкес келеді. Сонымен қатар мамандардың пікірінше, солтүстік тарату желісі Орталық Азия транзиттік жүйесін дамытуға жағымды әсерін тигізеді әрі еліміздің логистикалық инфрақұрылымын дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, солтүстік тарату желісі Ауғанстандағы АҚШ және НАТО әскерлерін тиісті құралдармен жабдықтау мақсатында 2008 жылы құрылған екен. Аталған желіде жүктердің басым бөлігі Пәкістан аумағы арқылы өтеді.

Сөз соңында Қайрат Әбдірахманов аталған заң қабылдау Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарын ескере отырып, Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтетін арнайы жүктік коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы тиісті хаттаманы ратификациялау өңірімізге тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті құқықтық базаның негізін қалауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін министр.

Кейін аталған заң жобасын депутаттар мақұлдады.

pavlodarnews.kz

Тэги: