Биыл Ертіс өңірінде жалауын желбіреткен байрақты бәсеке рекорд орнатты. Универсиадаға еліміздің 38 жоғарғы оқу орнынан жалпы саны 2000-ға тарта спортшы қатысты. Сонымен қатар, жарыстың ашылуы мен жабылуы да және тоғыз спорт түрінің сегізі бір қалада өтті. Тек биатлон жарысы Щучинск қаласында ұйымдастырылды. Осыған дейінгі алты қысқы Универсиада ойындарында мұндай жетістік орын алған емес.

- Павлодардағы Универсиаданың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Осындай жарыстарды мұнда өткізе бергің келеді. Бұл өңір өзінің спорттық тарихымен ерекшеленеді. Ақтөбеде өтетін жазғы Универсиадада павлодарлық студенттер тағы да биіктен көрінетініне сенімдімін. Әр мұғалімге, бапкерге ризамын. Бәрі тиянақты, нақты болды. Кейбір өңірлер үлкен жарыстарды өткізуді әлі ойлап жүрсе, Павлодар тәуекелге бел буып, керемет өткізді. Тек қана биатлон Щучинскке ауыстырылды. Бірақ, өңір билігі бұдан былай биатлонды өз елінде өткізу жолдарын қарастырамыз деп уәде берді. Бәріңізге денсаулық тілеймін. Павлодар облысының әкімдігіне алғысымды білдіремін, - деді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев.

Сонымен, жалпыкомандалық есепте VII қысқы Универсиаданың алтыншы орынын алматылық Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті иеленді.

Бесінші орынға Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті лайық деп танылды.

Төртінші орынды С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қанжығасына байлады.

Ұпай сандарының нәтижесінде үшінші орынды Қарағанды мемлекеттік университеті ұтып алды.

Күміс жүлдені Қостанай педагогикалық институты қанағат тұтты.

Ал, VII қысқы Универсиаданың бірінші орынын, алтын медальді жарыс қожайындары Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жеңіп алды.

- Бізден 115-ке тарта спортшы қатысты, - дейді дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі Татьяна Командик. – Қыздар арасында пауэрлифтинген қыздар бірінші орын алды. Қысқы көпсайыстан - бірінші, екінші, шаңғыдан - екінші, үшінші, баскетбол мен футболдан - төртінші, қысқы бағдарлаудан бірінші орынды ұтып алдық. Жігіттер аздап сәтсіздікке ұшырады, дегенмен бәрі ойдағыдай. Жеңімпаздарды оқу ордамызда марапаттаймыз.

Айта кетейік, Универсиада қортындысы бойынша ұйымдастырушылар да марапатқа ие болды.

Абзал Қабдраш
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Универсиада, спорт