Бұл жөнінде бүгін облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында   өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев айтты.

-  19-ақпанда экологиялық марафон бастау алды, - деді Қадылжан Сатиев.  -   Аталмыш шара жас ұрпақтың сана-сезіміне қоршаған ортаға мұқият қарауды  қалыптастыруға  бағытталаған. Бұдан басқа, тұрғындардың арасында қоқыстарды жеке жинау жүйесін енгізу үшін ҚР Энергетика министрлігіне Павлодар қаласын пилоттық жоба тізіміне қосу туралы  өтінім берілді. Бұл «РОП операторы» ЖШС қаражатының есебінен қатты қалдықтарды бөлек жинауға және одан өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте қалдықтарды жеке жинау жұмыстарын  оқу орындары  мен медициналық мекемелерінде енгізу жоспарланып отыр.

Бұл ретте аймақ басшысы Болат Бақауов ведомство басшылығынан жиналған қоқыс қайда төгілетіні туралы сұрады.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы бес мектепте бөлек контейнерлер орнатылған және осы мәселеге қатысты «ЭКО» компаниясымен келісім жүргізілуде. Мамыр айының соңына дейін қоқыстарды жеке жинау мәселесі толық шешімін табады.

Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қаптарға жеке жинастырылатын қағаздар мен пластиктер  сұраныс бойынша арнайы компанияларға тапсырылатынын жеткізді.

Ақбота Сейсенбаева



pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мектеп, білім