Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Наталья Нефедова айтты. 

- Биыл экологиялық бағытта 1175 адам көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылады, - деді  Наталья Нефедова. – Сарбаздардың жоспарланған жалақы құны 50 млн теңгені құрайды және қосымша құрал-жабдық сатып алынады.   Экология және туризм орталығының аумағында  сирек кездесетін қара қандыағаш отырғызылады. Сонымен қатар Марғұлан орталығымен сакралды орындарды жазбалардан тазарту, өлкетану экспедициясы және инклюзивті жастарға арналған  экологиялық  бағыттағы  лагерь  теплоходпен  Ертіс өзені бойынша шаралар ұйымдастырады.  Арнайы экономикалық аумақта  жасыл белдеу   түрінде ағаштар егіледі. Бекітуді қажет ететін аумақтарды анықтау үшін С. Торайғыров атындағы  ПМУ-дің жас ғалымдары Ертіс өзенінің жағасы мен облыстағы су қорғау аумақтарына зерттеуге шығады.

Басқарма басшысының айтуынша, экология және туризм  орталығында екі жыл қатарынан аграрлық-биологиялық студенттер отряды Баянауылда өсімдіктердің азайып  бара жатқан түрін сақтап қалумен айналысады. С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің 18-20 жастағы студенттерінен құрылған жас ғалымдар туристердің қара қандығашты жұлып, таптап тасайтындығына алаңдаулы. Сондықтан жастар жаз мезгілінде Баянауылдың киелі орындарына барып, қара қандыағаш пен тасты қарақаттың тұқымын жинап алады да көктемге дейін жылыжайда өсіреді.

Көгалдандыруға қатысатын студенттердің еңбекақысы мен арнайы брезент қаптарды сатып алуға, Баянауылға дейін жолақысына 500 мың теңге  қарастырылған.

Бұдан басқа, өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев облыста 35 гектар аумаққа  250 мың түп қарағай отырғызылатынын айтып өтті.

Аймақ басшысы Болат Бақауов  Павлодар қаласында да қара қандыағаш отырғызу туралы ұсынысты қайта қарастыруға кеңес берді.

- Бұл  тек  Баянауылда ғана өсетін ағаш, - деді  облыс әкімі. - Қарапайым көгалдандыру үшін экзотикалық өсімдіктің қажеті жоқ.  Сондықтан  түзету енгізу қажет.   Елбасымыз қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты облысымыздың   экологиялық  жағдайын жақсарту мақсатында 2018 жылды - Экология жылы деп жарияладық.  Бұл көптеген мәселелердің шешімін табуға септігін тигізеді.

Облыс әкімі барлық кәсіпорындар мен үкіметтік емес ұйымдардың аталған іс шараларды  іске асыруы бойынша  жобалық офис құрып, «Жол картасын» әзірлеуді өзінің орынбасары  Дәурен Махажановқа   тапсырды.  

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экология, Болат Бақауов