Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев айтты.

- Кадр жетіспеушілігі туындамайды, - деді Мейрам Бегентаев. – Біз қазіргі кезде бар кадрмен жұмыс жасаймыз. Тәрбиешілерге Абайдың мұраларын толық білсін, әдебиетті жетік меңгерсін деген талап қойылмайды. Білуі тиісті сөздер бар. Бірінші кезең үшін мемлекеттік тілдің аздаған қоры болса жеткілікті. Бұл бағытта тегін курстар жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары жеткіншектер үш тілді меңгеруі мүмкін екендігін де жеткізді.

- Өзім ата-анамның қасында қазақша тәрбие алсам да, балабақшаға келген соң жарты жылдың ішінде орысша еркін сөйлеп кеттім, - деді Мейрам Бегентаев. - Тілді жақсы меңгеру үшін сол тілде сөйлесу керек. Бүлдіршіндеріміз мектепке келген кезде мемлекеттік тілде сөйлей білуі үшін біз өңірдегі балабақшаларды қазақ тіліне көшіру жұмысын бастап кеткенбіз. Кей мекемелерде ағылшын тілін де енгіземіз десе, ата-аналар ниет білдірсе қарсы емеспіз. Мектепке келіп үш тілде сөйлеп тұрғаны тіптен жақсы болады.

Сонымен қатар Мейрам Бегентаев «Кезекке тұру», «Құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке дейінгі мекемелерге енгізу» қызметтері толығымен автоматтандырылатындығын атап өтті.

- Ендігі кезекте бұл қызметтер бойынша сайтта өтінішті толтырып, SMS хабарламасы арқылы келетін шақыруды күту керек. Хабарламада қандай балабақша екендігі және қай уақытта дайын болу керектігі жазылады. Керекті анықтамалар автоматты түрде әртүрлі ақпараттық жүйелерден алынатын болады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: