Аталмыш оқиға кездесудің 87-минутында орын алды. Қонақтардың шабуылы кезінде павлодарлық қыз «Ертістің» қақпасынан бастап «Атыраудың» қақпасына дейін жүгіріп өтті. Тәртіп сақшылары соңынан жүгіргенімен, жете алмады. Алаңның арғы бетінде тұрған полиция қызметкері оны ұстап алды.

25 жастағы ару туған командасы үшін қатты қуанғанын және сол үшін осындай қылыққа барғанын айтты.

- Осы факті бойынша ҚР ӘҚБК 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды және соттың қаулысымен ол 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылды, - деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желі қолданушылары жас қыздың бұл қылығын қызу талқыға салды. Мәселен, Вконтактедегі KZ football парақшасында Ерлан Сыздыков «Ол қызды шабуылшы етіп алу керек, жылдам жүгіреді екен» десе, Константин Багдасаров «Шұғыл, Ұлттық құрамаға шақыру керек» деп пікір жазды.

Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын футбол матчын өткізу кезінде ережелерді мүлтіксіз сақтау керектігі туралы ескертеді.

Айта кетейік, Қазақстанның кәсіби футбол лигасы жанкүйерінің тәртіпсіздігі үшін «Ертіс» клубына айыппұл салуы мүмкін.

Абзал Қабдраш
Фото Вконтакте желісіндегі ФК АТЫРАУ / FC ATYRAU парақшасынан алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ертіс, спорт