- Цифрландырудың бас кезінен қалай жүзеге асқанын айтайын, - деді Мейрам Бегентаев. – Бастапқыда мектептер үшін «Күнделік» электронды журналын енгіздік. Алайда нормативтік акт бойынша жазбаша түрдегі құжат та керек болды. Мұғалімдердің жағдайы ауырлады. Яғни мұғалімдер, жазбаша журналдармен қатар, электронды журналды да толтыруы керек еді. Жұмыстарын қысқартқанның орынына көбейттік. Енді олар өздері екеуінің біреуін таңдай алады. Әрине, дайын тұрған электронды журнал нұсқасы тиімді деп ойлаймын. Дегенмен таңдау жасау мектептерге ұсынылады. Медицина саласында да дәл солай екі жерде толтыру керек болатын. Цифрландыруды енгізуге немғұрайлы қарауға болмайды.

Облыс әкімінің орынбасары білім және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қамқоршылық кеңесі мен қадағалау кеңесінің жүйесі өзгеретіндігін жеткізді. Бұл кеңестер мекеменің қаржылық-шаруашылық әрекеттерін бақылай алады. Келіп түскен ұсыныстарды, мектеп бюджетін қарастыру және құзырлы органдарға кемшіліктерді жою бойынша өз ұсыныстарын жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

- Білім саласында «Бірыңғай білім ақпараттық жүйесін» құрудамыз, - деді Мейрам Бегентаев. - Бұл жүйе бойынша 366 мектеп жұмыс жасауда. Жақын уақытта қалған бес мектеп қосылады. BilimLand цифрлы білім ресурсына 370 мектеп қол жеткізіп отыр. Оның 315-і онлайн, 55-і офлайн режимде жұмыс жасауда. Соңғы үш айда онлайн интерактивті сабақ қарау 700 мыңға жеткен.

Сонымен қатар 35 денсаулық сақтау ұйымының 32-сі медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. «Павлодар облысы тұрғындарының жеке медициналық деректерінің бірыңғай базасы» бірыңғай ақпараттық кеңістігі құрылуда. Мұрағаттар және құжаттама саласында мемлекеттік мұрағатты цифрландыру қолға алынуда.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: