Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыров айтты.

- Аталмыш инновациялық жоба шеңберінде жергілікті полиция қызметі мен  атқарушы орган, «Қазақтелеком» АҚ меморандумға қол қойған, - дейді Жасқайрат Қайыров. -   Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс  80 пайызға аяқталған.  Әзірге облыс орталығындағы  тұрғын үйлер қамтылады. «Қазақтелком» АҚ бейнабақылау камерасын тегін орнатады, алайда қызмет үшін тұрғындар ақша төлейді.

Спикердің айтуынша, облыс бойынша жеке меншік нысандарды есепке алғанда шамамен 400 камера  құрылған. Оның ішінде 117-сі жедел басқару орталығына және ауылдық аймақтар мен облыс орталығындағы бес патрульдік учаскеге қосылған. Нақтырақ айтсақ, Усолка шағын ауданында 21 тұрғын үй, Набережное көшесінде бес үй, 1 Мамыр көшесі, 40 мекенжайы бойындағы үш тұрғын үй   № 11 тірек пунктіне  тіркелген.

- Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады және биыл толығымен аяқтау жоспарланып отыр, - дейді Жасқайрат Қайыров. -  Сонымен қатар дүкендер мен шаштараздар  сияқты бизнес субъектілері де назардан тыс қалмайды.  Бүгінде бейнебақылау орнату  өз нәтижесін  көрсеткенін атап өткен жөн. Мысалы, Успен  және Шарбақты аудандарындағы шаруа қожалықтарының  иелері өздері камера сатып алып, полицейлік учаскеге қосқан.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын инновациялық қызмет 2017 жылғы қыркүйектен бастап барлық өңірде қолжетімді болып отыр. Сервис Қазақстан қалаларының көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Ақбота Сейсенбаева

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен алынған

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, жергілікті полиция қызметі, Павлодар