Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында  ведомство бастығы  Жасқайрат Қайыров айтты.

-  Көбінесе жол-патрульдік полиция қызметінде учаскелік инспекторлары қажет, - дейді Жасқайрат Қайыров. – Сонымен қатар ювеналдық  полиция қызметкерлерінің орындары бос тұр.  Қызметке ҚР-ның азаматтық борышын  өтеген кез келген азаматы  келе алады. Биылғы жылы талаптарға өзгерістер енгізілді. Бұған дейін қабылданатын азаматтардың жасы 25-ке дейін және бойы 175 см-ден  аласа болмауы тиіс еді. Ал қазіргі таңда 34 жасқа дейін және бойы  170 см болса жеткілікті.

Спикердің айтуынша,  бүгінгі таңда бір учаскелік инспектордың жүктемесі 2800 адамнан 3300-ге артқан.  Жол-патрульдік полицейлер 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап офицер шеніне ие болған. Жаңа жылға дейін қаңтардағы құрамның  еңбекақысы еңбек өтілін есепке алғанда 60-90 мың теңгені құраса,  офицер шенін алғаннан кейін 110 мың теңгеге жеткен.

- Ең бастысы, арнайы орта немесе жоғары заңгер мамандығы болуы тиіс, - дейді полиция қызметінің бастығы.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, жергілікті полиция қызметі, Павлодар