-  Оған облыстағы мемлекеттік және мемлекеттік емес  білім беретін оқу орындарының 5-10 сыныптарынан 72 оқушы қатысты, - деді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы шығармашылық  даму бөлімінің меңгерушісі Дәмелі Саламбекова. – Биылғы байқаудың басты ерекшелігі – төрт кезеңнен  тұруында. Соңғы тапсырмада жас өрендер Абай мен Шәкәрімнің шығармаларына арналған эссе жазды. Оларға «Мен оқыған хакім Абай жырлары», «Мен кетермін сөз қалар», «Абай мен Шәкәрім дәстүрінің бүгінгі жалғастығы» тақырыптары ұсынылды.

«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде ақындар мәнерлеп өлең оқудан сынға түссе, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»  бөлімінде жас дарындар өз шығармаларын оқыды. «Көңілім әнді ұғады» бағытында оқушылар Абай мен Шәкәрімнің сөздеріне жазылған әндерді орындаған.

-  Қазылар алқасының айтуынша, қатысушылардың дайындық деңгейі жыл сайын артып келеді. Бұрын балалар өз туындыларын мемлекеттік бағдарламаларға сай  және тәуелсіздік, Отан тақырыбында жазатын. Ал, қазіргі күні өз жас ерекшеліктеріне қарай қалам  тербейді, - дейді Дәмелі Саламбекова.

Қыркүйек айында ШҚО Семей қаласындағы «Абай және Шәкірім» мемориалдық кешенінде өтетін республикалық байқауға төрт оқушы жолдама алды. Олар – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия интернаттың оқушылары Даяна Жаябаева мен Ердәулет Абдырайымов, Ақсу қаласы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының 9-сынып оқушысы Ақтоты Жомарт және Павлодар қаласы № 29 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Әділ Бекмұрат.

Бірінші орын алған оқушылардың ұстаздары «Ұстаздық еткен жалықпас» номинациясы бойынша марапатталды.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұсынды

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім