Бұл туралы агенттікке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлімінің басшысы Нұралы Қабиев айтты.

- Елбасының тапсырмасымен агроөнеркәсіптік өндірісті цифрландыру жүргізілуде, - деді Нұралы Қабиев. – Осы мақсатта өңіріміздегі егістік алқаптарды цифрландырмақпыз. Барлық алқаптың электронды картасы жасалады. Әр ауданға шығып, жергілікті әкімдіктердің көмегімен шаруашылық басшыларын, қызметкерлерін оқытамыз. Яғни, өз алқаптарын интернет арқылы қалай бақылау керектігі үйретіледі. Электронды картадан алқаптың температурасын, өнімділігін, қаншалықты жиналғандығын көруге болады. Күнделікті ғарыштан түсірілген суреттер шығып тұрады. Бұл оқыту «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ-ның көмегімен жүзеге асады. Орталықтан әр ауданға бір маман жұмылдырылады.

Бөлім басшысының айтуынша, оқыту екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 13-16 наурыз аралығында, екіншісі 26-28 наурыз аралығында жүргізіледі. 13-наурыз Ақтоғай, Ертіс, Качир, Железин аудандары, 14-наурызда Шарбақты, Успен, Лебяжі, Май өңірлері, 15-наурыз Баянауыл ауданы, Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалалары мен Павлодар ауданында өтеді. Бұл цифрландыру жұмыстарын толығымен 12-сәуірде аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, биылдан бастап шаруа қожалықтары минералды тыңайтқыштар үшін субсидияға үйде отырып өтініш бере алады.

- Келесі жылдан бастап гербицидтерге онлайн тапсырыс беруге болады, - деді Нұралы Қабиев. – Алқабының өлшемін көрсетсе, жүйе өзі қанша гербицид керектігін есептеп береді. Сол жерде жеткізушілерді, бағаларды білуге болады. Оған қоса, көктемгі дизельдік отындарға өтініш беруге мүмкіндік туады. Қанша көлемде алынды, қаншасы жұмсалғандығы жөнінде ақпарат тұратын болады. Бұл өз кезегінде жемқорлық жағдайларын жоюға септігін тигізеді.

Оразбек Саяхат
Фото: baq.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: