Мұндай  ұсынысты облыстық әкімдікте «Орыс тілінде білім беретін мектепке дейінгі мекемелерді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге ауыстыру» тақырыбында өткен семинар мәжілісте  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова білдірді.

 -   Елбасымыз 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білу қажет деген болатын, - деді  облыс әкімінің орынбасары  Мейрам Бегентаев. - Бұл мақсатта біздің өңірде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – балабақшаларды мемлекеттік тілге ауыстыру. Бүгінгі таңда екі тілді 84 балабақшадағы 294 қазақ тобына 7574 бала барады. Сонымен қатар, 1488 өзге ұлт өкілінің балалары мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілде  тәлім-тәрбие алуда.

Сәуле Османова  қаламызда 225 балабақша тәрбиешісі былтыр тегін қазақ тілін оқыту курстарын аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болғанын атап өтті.

- Биыл тағы да 250 тәрбиешіні оқытуды көздеп отырмыз, - деді департамент басшысы. - Жалпы, облыста 34 тіл оқыту орталығы бар, оның 11-і мемлекеттік тілге үйретеді.  2020 жылға дейін аралас, кейін орыс тілдегі балабақшаларда қазақ топтарын ашып, мемлекеттік тілге ауыстыруды жоспарлы түрде жүзеге асыру керек. Мектепке дейінгі мекемелердің сайттарында «Қазақ тілін үйренейік» айдарлары өз жұмысын жандандыру қажет.

Абзал Қабдраш

Суреттерді түсірген автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім