Облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаевтың төрағалығымен «Орыс тілінде білім беретін мектепке дейінгі мекемелерді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге ауыстыру» тақырыбында семинар өтті.

Жиын барысында білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы балабақшаларды қазақ тіліне ауыстыру жоспарымен таныстырып, бірқатар тапсырмаларын жария етті.

- Орыс тіліндегі балабақшалардың барлығында қазақ тіліндегі топтарды ашу. Бұл - менің аудандық және қалалық білім бөлімдеріне қоятын бірінші тапсырмам, - деді Дінислам Болатханұлы. - Елбасының жарлығына сәйкес мектепке дейінгі орталықтартарда жекелей пәндер қазақ тілінде өткізіледі. Біз бүгінгі таңда «Өлкетану» вариативтік компонентін енгізу бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Сонымен қатар, Наурыз, Тәуелсіздік күні, Бірлік күні сияқты таңертеңгілік мерекелер ана тілімізде жүргізілуі керек. Осылайша, балалар сабақта алған білімдерін біртіндеп күнделікті өмірде қолданады. Біз қажетті методикаларды ұсынуға дайынбыз.

Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының басшысы әр баланың заманауи қазақстандық қоғамдық ортаға бейімделіп өсуі керектігін атап өтті. Қазақ тілін насихаттауда барлық БАҚ, педагогтер, ата-аналар мен әр саланың қызметкері атсалысуы керек.

Абзал Қабдраш
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Балабақша, қазақ тілі, қоғам