«Достық» үйінде өткен шараға Зара Қожахметованы еске алуға жиналған жандар қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, «Нұр Ана әлемі» ҚБ төрайымы Бақытжамал Максилова кейіпкер өмірінен сыр шертті.

- Зара Қожахметова – өмір жолы ұрпаққа үлгі болар жан, - деді Бақытжамал Максилова. – Ұлттық салт-дәстүрімізді, қазақ тілін келер ұрпаққа жеткізу жолында ерен еңбек сіңірген. Қоғам қайраткері болды. «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалының алғашқы төрайымы. Ұлтаралық бірлікке қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды. Трамвай басқармасы өз акциялары аясында бір вагонға Зара Қожахметованың атын берді.

Кітаптың авторы белгілі жазушы Ғалия Балтабай аталмыш еңбекті екі жарым айдың ішінде жазып шыққанын айтты.

- Айналамда асыл аналар көп болыпты, - деді Ғалия Балтабай. – Алайда, ең бастысы, өз анамдай болып кеткені Зара апам екен. Көзі тірісінде«Нұр – Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдық мерейтойына арналған шарада көпшіліктің алдында келесі кітабым Зара Қожахметова туралы болады деп сөз берген едім. Кітапты жазарда бәрі маған апамыз туралы қимастықпен, мақтанышпен, сүйіспеншілікпен айтып берді. Кітап екі жарым ай уақытта жазылды. Барлық шығынды көтерген балаларына рахмет айтқым келеді.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек Зара Қожахметованың атында кабинет ашуды ұсынып, әкімдіктің қолдайтындығын жеткізді.

Зара Қожахметованың баласы Мұрат Қайдаров анасын еске алып келген халыққа және бастаманы көтеріп, еңбекті жазып шыққан Ғалия Балтабайға алғысын білдірді.

Айта кетелік, Зара Қожахметова – Қазақ КСР оқыту ісінің үздігі, 1957 жылы Абай атындағы лицей-мектебін тәмамдап, сол мектепте 30 жылдан астам еңбек еткен. Павлодар облысының қоғамдық және мәдени өміріне белсенді қатысқан. 1991 жылы «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалының алғашқы төрайымы болып сайланды. 2017 жылы 76 жасында дүние салды.

Оразбек Саяхат
Суреттерді түсірген автор

pavlodarnews.kz

Тэги: