Бұл туралы аймақ басшысының бірінші орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалық етуімен өткен  облыстық мәлихаттың кезекті сессиясында   өңірлік тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова айтты.

- Сіздердің назарларыңызға «Павлодар облысының кейбір мемлекеттік заңды тұлғаларына жеке адамдардың есімін беру туралы» облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулы мен шешім жобасын ұсынамын.  Бұл бірлескен қаулы ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5-наурыздағы № 281 қауылысы негізінде енгізілді, - деді Сәуле Османова.

Басқарма басшысының айтуынша, Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің жалпы орта білім беретін Шідерті негізгі мектебі мен Ақкөл жалпы орта білім беретін мектепке белгілі ұстаздар Қажыбек Алғамбаровтың және Әшім Арымбековтің есімі беріледі. Сонымен қатар Железин ауданы Железин № 3 жалпы орта білім беру мектебі қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың, Баянауыл ауданы  Торайғыр ауылдық округіндегі мәдениет үйі Жұмағали Солтанбаевтың есімімен аталмақ.

Қажыбек  Алғамбаров 1919 жылы Баянауыл ауданы Ақмектеп ауылында туған. 1941 жылдың желтоқсан айында соғыс басталғанда майданға  аттанған. Алматы қаласында жасақталып жатқан 105-ші атқыштар дивизиясының барлаушылар ротасына түсіп, 1942 жылы Мәскеу, Смоленск бағытындағы шайқастарға қатысқан. Жау шебінен тіл әкеліп, «Ерлігі үшін» жауынгерлік медалімен марапатталған.

Майдандағы жарақатынан толық айықпаған  кезінде Шідерті колхозы кеңсесіне есепші болып орналасқан. Ал 1947 жылы ұстаздық қызметіне оралып, Шідерті жетіжылдық мектебіне директорлыққа тағайындалады.   Қайраткер азамат осы білім ордасының қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне өлшеусіз қажыр-қайратын жұмсаған.

Әшім Арымбеков 1923 жылы  Баянауыл ауданында дүниеге келген. Жетім балалар үйінде өскен. 1941 жылы Шідерті жетіжылдық мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс істеген. 1942-1944 жылдары Екібастұз жетіжылдық мектебінде мұғалім әрі қарай меңгеруші болған.  Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек және тыл ардагері, 2011 жылы 92 жасында дүние салған.  

Жұмағали Солтанбаев 1927 жылы  Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітірген.     Шәкен Айманов туралы деректер жинақтап,  жеке кабинет ашқан. 1968-1982 жылдар аралығында Торайғыров мектебінде директор болған.  Ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысып, тұрғындар арасында құрметке бөленген ұстаз.  ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі.  Ұлы Отан соғысының  ардагері.

- Әшім Арымбеков еңбек еткен мектептің түлектері мен ұжымы  мектепке атау беру туралы ұсыныс білдірді, - дейді Сәуле Османова. – Сонымен қатар 2014 жылдан бастап бірнеше мәрте Торайғыр ауылы мәдениет үйінің ұжымынан  атау беру туралы мәселе көтерілген.  Осыған байланысты  қоғамдық тыңдау өткеннен кейін құжаттар республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Сол жақта шешім қабылданады.

 Бұл ұсынысты облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан қолдады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, ономастика, тілдерді дамыту, Екібастұз