Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Кәсіпорындардың экологиялық саясаты және табиғатты қорғау шараларының жоспары» тақырыбында өткен баспасөз жиынында зауыт директоры Сергей Прокопьев мәлім етті.

- Өткен жылы біз табиғатты қорғау бағдарламасы шеңберінде 22 шара өткізіп, үш миллиард теңге жұмсадық, - дейді Сергей Прокопьев. – Былтыр өндірістік жұмыс барысында зауыттан бір миллион тоннаға жуық шлак жиналып, қайта өңделді. Сонымен қатар, өндірістен шығатын шаң арнайы тазалау құрылғыларымен ұсталып, кәсіпорынға оралады. Біз оны рудалық материалдар және кокс қалдықтарымен бірге агломерат жасауда шикіқұрамалық материал ретінде қолданамыз. Осылайша, агломерациялық цехте 10 мың тоннаға жуық шаң-тозаң қайта өндірілді. Шаң тек жергілікті кәсіпорынан емес, Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан да келеді. Биылғы жылы табиғатты қорғау аясында жүзеге асатын бірқатар ауқымды жобалар бар. Мәселен, газтазалау кешені жаңартылып, кезең-кезеңмен ауыстыру жұмыстары жалғасуда. №1 және №2 балқыту пештерінің дозалау бөлімдеріндегі газтазалау құрылғыларын ауыстыру бойынша жобалар әзірленді. №44 пешті қайта жөндеу үшін арнайы жабдық сатып алдық. №3 күл-шлак жинақтау нысанының екінші кезеңі жалғасын табады.

Зауыт директорының айтуынша, 2018 жылға арналған жоспарлы инвестициялар 2,7 миллиард теңгені құрайды.

Айта кетейік, қоршаған ортаға кері әсерін тигізуді азайту мақсатында Ақсу ферроқорытпа зауыты жыл сайын табиғатты қорғау бағдарламаларын әзірлеп, жүзеге асырады.

2000-2017 жылдар аралығында зауытта ферроқорыту пештерінің газтазалаудың тоғыз «құрғақ» құрылғысы орнатылды. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын шаң қалдықтары екі есеге азайған.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу ферроқорытпа зауыты, экология, қоғам,