Бұл туралы  облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында  Павлодар өңірі бойынша тексеру комиссиясының  төрайымы Айнагүл Құрманова айтты.

- Бүгінгі күні  кәсіби біліктілігі жоғары  мамандармен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып отыр, - деді Айнагүл Құрманова. – Тексеру комиссиясымен есептік кезеңде анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасынан 84,4 пайызы немесе 18,9 млрд теңгесі бухгалтерлік және қаржылық есепті жүргізу барысында жол берілген бұлушылықтарға келеді.  Бұл сома 2016 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.

Тексеру комиссиясы ұсынған мәліметке сүйенсек, есептік кезеңде 13 аудит нысанында бухгалтерлік есептің жоқ екендігі анықталған және бес нысанда тексеріс тоқтатылған.  Нәтижесінде шамамен 40 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылғаны  әшкереленген.  

Талдау  қорытындысы  облыстағы мемлекеттік заңды тұлғалардың тек 24 пайызы ғана бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде бағдарламалық  өнімді пайдаланғанын көрсеткен.

Облыстық мәслихаттың депутаттары  бір  бағдарламалық  өнімнің құны қанша тұратыны және олқылықтың орнын алу үшін  қаржы саласы мамандарының біліктілігін арттыруға болмас па екені жөнінде сұрады.

Тексеру комиссиясының  төрайымы бір  мекеме үшін өнімнің бағасы  170-180 мың теңге көлемінде екенін мәлім етті.

- 2017 жылы қыркүйек айында қалалар мен аудандардың әкімдеріне  бағдарламалық қамсыздандыру сатып алу тапсырылған, - деді Айнагүл Құрманова. -  Алайда Павлодар, Екібастұз қалаларында 59-24 бірлік  және  Железин ауданында 14 бірлік қана аталмыш өнімді сатып алуға қаржы жоспарлаған. Қалған аудандар бұл мақсатта қаражат қарастырмаған.   Сондай-ақ, былтыр білім беру басқармасымен осы тақырыпқа қатысты семинар жиын өткізілген.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, эконмика, тексреу резвизиясы