Бұл туралы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді хабарлады.

Тұсаукесерге Шығыс Қазақстан облысы күш құрылымдарының басшылары, Өскемен қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық, аймақтық БАҚ жетекшілері, дін өкілдері мен қоғам қайраткерлері шақырылған. Жаңа туынды наурыз айының 15-інен бастап еліміздің барлық кинотетарларында көрсетілетін болады.

- Бұл Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған арнайы имидждік бағдарламасын орындау аясында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп жасалған туынды. Осы ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлік қызметі туралы «Алтыншы бекет» атты толық метражды көркем фильммен қоса телесериал түсірілгенін атап өту керек. 2010 жылғы 22-маусымда Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге жалғыз өзі төтеп беріп, жанқиярлық ерлік көрсете білген Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаев осы фильм сюжетінің желісіне арқау болған, - дейді Бағдат Амангелді.

Ерен ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Бүгінде ол Ұлттық ұланның офицері.

Көркем фильмде басты рөлдерді елімізге танымал актерлер Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмагұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова және басқалары сомдайды. Фильмнің қоюшы режиссері - Серікбол Өтепбергенов.

pavlodarnews.kz

Тэги: Алтыншы бекет, қоғам