Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев үкіметтік емес ұйымдар және бірқатар басқарма басшыларымен кездесу өткізді.

Жиын барысында 1-топ мүгедегі Юлия Петрусева қалада мүгедектер үшін спорт клубының жоқ екендігін және алдағы уақытта осы клубты ашу мүмкіндігін қарастыруды өтінген.

- Күні кеше паралимпиада ойындарында Қазақстан алтын алды, - дейді Юлия Петрусева. - Жеңімпаздар арасында жерлестерімізді де көрсек, қуанатын едік. Алайда, бұл мүмкін емес. Себебі, бізде мүгедектер спорт клубы жоқ. Спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевқа да бардық. Бірнеше жыл қатарынан осы мәселені көтерудеміз. Наурыз айында ашамыз деп сендірген еді, жуырда оның да болмайтынын айтты.

Өз кезегінде «Сострадание» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Юрченко облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтен мүгедектер арбасын сатып алатын кезде жарымжан жандардың кеңесіне құлақ түруін өтінді.

- Біздің қазіргі арбаларымыз ыңғайсыз, - дейді Елена Юрченко. – Мәселен, көлемі 56 болатын арбаны берді, ал маған көлемі 43 болатын арба керек. Үш жыл қатарынан осыны ескеруді өтініп келеміз. Басқарма көлемдерді қалалық бөлім беретінін айтса, бөлім арбаны басқарма алады деп сілтейді. Жуырда көлемі 50 болатын арбалар келді. Бәлкім, мамандарыңыз киімнің көлемі арбаға келе береді деп ойлайтын шығар.

Бірлестік төрайымының бұл сауалына басқарма басшысы мен облыс әкімінің орынбасары мәселе шешімін табады деп сендірді. Ал, үлкен арбаларды өздеріне ыңғайлы көлемдісіне ауыстыруға болады.

Мейрам Бегентаев әр облыстық басқарма үкіметтік емес ұйымдармен кездесуі керек екенін атап өтті. Кездесу кестесі дайын болғаннан кейін облыс әкімінің сайтында және Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінде жарияланатын болады. Көтерілген мәселелер сол отырыста тағы да қаралатын болады.

Абзал Қабдраш
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт