«Жас Отан» ұйымдастырған пунктке облыс тұрғындары азық-түлік, төсек орындар, құрылыс материалдарын тапсырған.

«Нұр Отан» партиясы облыстық жастар қанаты филиалының төрайымы Санира Жүсіпованың айуынша, көмек Аягөзге ертең таңертең жеткізіледі.

- Біз көрші өңірде қиыншылыққа тап болған отандастырымызға қол ұшын созған Павлодар облысының барлық тұрғындарына алғысымызды білдіреміз, - деді Санира Жүсіпова. - Қазіргі уақытта 9,5 тонна азық-түлік жиналды. Оның ішінде қант, сұйық май, шай, макарон және тағы басқа да тәттілер бар. 71 тұрмыстық техникасы, 600-ден астам жастық пен көрпе, 40 тоннадай құрылыс материалдары тапсырылды. 31 тонна цемент, 3200 кірпіш, үш метрден астам сым, 14 күрек, 100 орамдық су өтпейтін жамылғы, 74 шаршы метр линолеум жиналды.

Еске салайық, гуманитарлық көмек жинау Кривенко көшесі, 25А мекенжайында 13-наурыз күні басталған болатын. Құрылыс материалдары Торговая көшесі, 2/22 мекенжайы бойынша қабылданды.

Думан Асқарбек
Суреттерді түсірген Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Аягөз, қоғам