Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірманов айтты.

-  Басында музейді Кутузов – Шөкин көшелерінің қиылысындағы бос ғимаратта орналастыру жоспарланған болатын, - деді Асылбек Мейірманов. – Дегенмен  төтенше жағдайлар талаптарына сәйкес орыны ауыстырылады. Қазіргі таңда  Қазақстандағы және америкалық белгілі ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.  Оларға нысанға қатысты ақпарат жіберілді. Бұл этнографиялық және ұлттық музей емес. Мұнда мамонттардың сүйектерін сақтау ережелерін және адамдарға қалай көрсету керектігін білу керек.  Себебі, бізде жаратылыстану бағытында  бір-екі ғалым ғана бар.

Оның айтуынша, Нью-Йорк қаласындағы жаратылыстану тарихының Smithson ұлттық музейінің жетекші ғалымдары биылғы жылдың екінші жарты жылдығында Павлодарға келіп, өз кеңестерін беретін болады.   

Қызметкерлердің саны мен залдардың жабдықталуы ғалымдармен кездескеннен кейін  анықталады.

Бүгінгі таңда нысанның эскиз жобасы мен жобалық-сметалық құжаттамасын «КазақЭнергоПром» ЖШС мен облыстық құрылыс басқармасы   дайындауда.

- Жаратылыстану музейі – көне және қазіргі заманғы флора мен фаунаны зерттеу мақсатында құрылатын мекеме, - дейді Асылбек Мейірманов. –  Ертіс өңірінде палеонтологиялық материалдардың  көптігі, жануарлар әлемінің сан алуандығы осындай музейдің ашылуына себеп болып отыр. Бұған қоса, біздің өңірде «Қаз Қонақ»  бірегей ғажайып ескерткіші орналасқан. Биыл бұл нысанның ашылғанына 90 жыл толады.  Жаратылыстану музейін қолданысқа берген кезде ескерткіштің де мерейтойын атап өту жоспарда бар.

Айта кетейік, жаратылыстану музейін басқаратын Smithson институты – АҚШ-тағы ең көне мемлекеттік ғалыми-зерттеу ұлттық мекемелерінің бірі.  Іргетасы 1846 жылы Вашингтонда конгресстің шешімімен ағылшындық химик және минеролог Дж. Смитсонның қаржысына   қаланған.  Аталмыш музей әлемдегі ең үлкен музей кешені болып есептеледі.

Ақбота Сейсенбаева
Фото:  Smitsonovskij-Nacionalnyj-muzej-jestestvennoj-istorii

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет