Ол бүгінгі таңда Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің төртінші курсында филология және қазақ тілі факультетінде білім алуда.

– Бұл туындыны  «Enterprise Production» киностудиясы мен «Pve Production» продюсерлік орталығы түсірді, - дейді студент қыз. - 24 ақпан - 4 наурыз аралығында 50 адаммен бірге түсірілім командасы  батыр қыздың туған жері Ақтөбе  облысының Қобда ауданына жолға шықты. Сол жақта бізді Әлияның сіңлісі Әліп апа қарсы алып, мергеннің   біз білмейтін қыр-сырлары, өмірбаяны туралы айтып берді. Тіпті, ауылдың өзі ерекше ықыласпен қарсы алды.  Біз үшін бұл үлкен тарихи  сәт болып көрінді.

Айғаным өзін  «Pve Production» кинокомпаниясының директоры әрі режиссер Жанболат Хайруллин бір жыл бұрын  фильмде басты рөлге  таңдап алғанын айтады.   

- Ол кісі бізге актерлік шеберліктен сабақ береді, - дейді  бойжеткен. –  Сол кезде менің қабілетімді байқаған болу керек. Бұл саладағы тәжірибем көп емес. Бұған дейін  кішігірім инстафильмдер мен роликтерге,  «Соғады жүрек» деген бейнепоэзияға түскен болатынмын.

Фильмге түспес бұрын  Әлия мен Мәншүк жөнінде 10-нан аса кітап жазған ақтөбелік жазушы Ғалымжан Байдербестің еңбектері мен  Дулат Исабековтің  «Біз соғысты көрген жоқпыз»  деген  кітаптарын оқыған.

-  Осының барлығын рөлді сомдап шығуым үшін септігін тигізді, - дейді ол. -  Атам Күлжан Мұқатай да  майданда ел қорғаған Ұлы Отан соғысының ардагері. Батыртың образына кіру оңайға түспеді. Соғыстың ауыртпалығын сезіну қиындау болды. Дегенмен, бар күш-жігерімізді салдық. Үш күн  қатарынан түсірілім  алаңында жүрген кезде үлкен жауапкершілікті сезіндім. Бұл тизер – толық метражды киноға жасаған алғашқы қадам. Болашақта толық метражды фильм түсірілген кезде басты рөлді ойнауға бекітіп қойған.

Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры (1944), мерген, ефрейтор 1925 жылы 25-қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген.  Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мәдениет, фильм, Әлия Молдағұлова