ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев бұл Қазақстан бойынша әдеп жөніндегі уәкілеттінің жасырын хатты әшкерелеудің алғашқы  фактісі екенін атап өтті.

-  Сараптама жүргізу барысында 2017 жылы облыс әкімі аппаратының шағымдар бөліміне Успен ауданының тұрғындарынан жеті жасырын хат түсті, - деді Павлодар облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілетті Юрий Фельдман. -  Хаттардың мазмұнында Успен ауданының лауазымды тұлғаларына, облыс әкімдігі мен былтыр «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудан өткізу үшін құрылған  аттестаттау комиссиясының мүшелеріне қатысты жағымсыз ақпарат жазылған. Мұндай  хаттардың барлығы облыс әкімдігінің атына 2017 жылдың сәуір айында келе бастағаны анықталған. Дәл осы кезең «Б» корусындағы мемлекеттік қызметші Владимир Иртлачтың аттестаттаудан өтпей қалуымен тұспа-тұс келген.

Әдеп жөніндегі уәкілеттінің айтуынша, 3-сәуір күні Ахромеев деген азаматтың атынан түскен  алғашқы хатта аттестаттау комиссиясы өзге ұлт өкілдеріне әділетсіздік танытты деп шағымданған.
    
Жасырын хаттарда автордың кім екені  әрі қолы және электронды сандық қолтаңбасы қойылмаған, өтініш берушінің  мекенжай поштасы көрсетілмеген. 

Жеті хаттың да конверттегі жазбаларына сараптама жасалып, мәтіннің шрифті зерттелген.  Нәтижесінде Владимир Иртлачтың атынан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа  2017 жылы 29-қаңтарда және  5-ақпанда жазған хаттары  И.С.Оноприенко, С.М.Сүлейменова, Д.М.Исабаева, С.М.Жұматанова  және М.И.Селантьеваның атынан түскен конверттерге салыстыру жасалған. Осылайша, көптеген ұқсастықтар бар екені және бұл хаттардың барлығын бір адамның жазғаны анықталған.  Барлық хаттар мен шағымдарда  «Бокауов» деп жазылған.

Қызметтік тергеу жүргізу барысында Тобылжан ауылының әкімі  конверттер мен зерттеу қорытындысы көрсетілгеннен кейін  конверттегі мекенжайларды өз қолымен толтырғанын растаған. Ол Успен ауданының В.Д. Глазырина деген тұрғынымен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, оның айтуымен жазғанын, поштадан облыс орталығына сол сол адамның өтініші бойынша жолдағанын айтып ақталған.  Ал, конвертті «Серік аға»  деген адамның бергенін және оның Успен ауылында тұратынын айтқан.

5-ақпан күні Успен ауылында барған кезде «Серік ағаны» іздестіру ұсынылған сәтте оның  Ресей  азаматы әрі Новосібірде тұратынын, ал мекенжайды  оның айтуымен жаздым деп сендірмек болған. Алайда  Владимир Иртлач конверт ұсынған адамның телефон нөмірін дұрыс айта алмай, өз сөзінен өзі шатасқан.  Бұған қоса,  аталған жеті адамнан жауап алу мүмкін болмаған. Себебі, олардың ешқайсысы Успен ауданында тұрмайтыны анықталған. В.Д.Глазырин болса, қандай да бір жауап беруден түбегейлі бас тартқан.  

Хаттың мазмұнын шрифттер бір компьютер және бір принтермен басылғаны, бір адамның қолынан шыққанын дәлелдеген.

Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Тобылжан ауылының әкімін лауазымынан босату түрінде тәртіптік өндіріс қолдану туралы шешім  шығаруды ұсынды.

Ақбота Сейсенбаева




pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар облысы, жасырын хат, Успен ауданы