Бұл туралы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев айтты.

-  Оларға балық шаруашылығын жүргізуге арналған келісімшарттарды бұзу туралы ескерту хаттары жолданды, - дейді Қадылжан Сәтиев. - Нақтырақ айтсақ,  «Кызыл-Таң», «БИК», «Темірлан», «Аллюр-Компани ЛТД», «УниАрт ПВ», «ҚазТұлпар»,  «Курст-Инвест kz»   шаруа қожалықтары мен «Қаженов» жеке кәсіпкерлігі. Біздің аймақта үлкен  халықаралық деңгейдегі Ертіс өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы канал, экологиялық, ғылыми және мәдени тұрғыдан ерекше маңызы бар бірегей көлдер аз емес.  Сонымен қатар  Қалқамантұз, Маралды, Қызылқақ, Сабындыкөл, Жалаулы, Жасыбай, Шүрексор, Торайғыр, Үлкен Ажиболат, Мойылды   сияқты  ащы және тұзды су айдындары бар.

Басқарма басшысының айтуынша, балық шаруашылығын дамыту мақсатында  бүгінгі күні 40 субъектіге 112 балық шаруашылығы су айдыны бекітілген.  Оның ішінде 59 тұщы су айдыны  26 субъектіге және 53 ащы-тұзды су айдыны  14 субъектіге тиесілі. Резервтік қор 153 су айдынын құрайды.
    
 Бұдан басқа, 2018 жылы екі табиғат пайдаланушы - Ақсу қаласы Құркөл  көліне жауапты «Алтын балық»  және Павлодар ауданы Лаврищенский шығанағына жауапты   «Ковальчук» ЖК балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген су айдындарынан өз еріктерімен бас тартқан.

Жергілікті маңыздағы балық шаруашылығы су айдындары тізіміне 265 су айдыны кіреді. Оның ішінде 201-і - тұщы, 64-і -  ащы және тұзды.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, балық шаруашылығы, экология