С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға келген мейманды мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков қарсы алды. Өз кезегінде облыстағы «Рухани жаңғыру» офисінің бас менеджері Самал Айтқазина өңірімізде Елбасы бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті.

- Жасалып жатқан жұмыстарыңыз өте қуантады. Істеріңізге береке берсін. Ел игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріңіздің жемісін көріңіздер, - деді Ардақ Назаров.

Дөңгелек үстел барысында белгілі спортшы 2002 жылы Павлодар қаласына жарысқа келіп, Еуразия чемпионы атанған сәттерін есіне алды.

- Қазақтың әр даласы киелі ғой. Бүгінгі Павлодар даласы да маған ыстық, - деді Ардақ Назаров. - 2002 жылы осы өңірге біріншілікке келдім. Жасым 21-де болған. Жекпе-жекте үш кавказдық жігіттен басым болып, чемпион атандым. Сол кезде қалың қауымның алдында қуанышты әсерде болып, бұйырса Әлем чемпионы боламын деп уәде бергем. Араға бірнеше жыл салып, бұйыртып 25 жасымда аралас жекпе-жектен Әлем чемпионы атағына қол жеткіздім.

Бұдан соң мейман бес жасар Иманғали есімді балаға батасын беріп, асық ойынын ойнады. Кездесу соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков павлодарлықтардың атынан Ардақ Назаровқа Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығын сыйға тартты.

Айта кетейік, бүгін сағат 15:00-де Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» орталығының үлкен залында Назаровтың жергілікті жастармен кездесуі болады. Кіру тегін.

Кездесу «National art» жастар қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асуда.

Абзал Қабдраш
Фото: Данияр Жұмаділ

pavlodarnews.kz

Тэги: Ардақ Назаров, Павлодар, мәдениет, рухани