Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында өңірдің бас ұстазы  республикалық қоғамдық-саяси «Время» газетінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері павлодарлық оқушылардың тест тапсыруын тоқтатуына байланысты шыққан мақалаға қатысты  пікірін білдірді.

 - Бүгінгі жиын  шетелдік жоғары оқу орындарының № 6 мектепте  олимпиада өткізуіне  байланысты  ұйымдастырылып  отыр, - деді Дінислам Болатханұлы. - Новосібір мемлекеттік техникалық университеті славян орталығымен бірге 22-наурыз күні  тестілеу өткізген. Сондықтан осы жағдайға байланысты түсінік беруді жөн көрдік.  Біз ашық  білім беру кеңістігінде жұмыс істейміз. Қазақстан  - Болон процесінің қатысушысы. Сондықтан  еліміздің білім беру жүйесі  әлемдік білім беру кеңістігінің бір бөлігі болып табылады. Біздің балалар жоғары жетістікті көрсетіп, шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп жатса тек қана қуанамыз. Себебі, бұл бәскелестік пен білім беру сапасын арттырады.  Оған жуырда ғана әлемдегі 7 үздік жоғары оқу орнына кіретін АҚШ-тағы Принстон университетінің студенті атанған «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Мохаммед-Әли Әмірдің жетістігі мысал бола алады.   

Басқарма басшысы мұндай шаралдарды  өткізуге қарсы емес екенін  атап өтіп, барлығы  заң аясында ұйымдастырылуы тиіс екенін еске салды.  

 - Жұмыстан кейін  қаладағы білім беру мекемелерін аралайтын әдетім бар, - деді спикер. - Менің назарымды № 6 мектептің жанында адамдардың шоғырлануы назар аударды. Сол сәтте заңды сұрақ туындап, шетелдік азаматтарды көргеннен кейін  тиісті органдарды шақырдым. Новосібір университетінің оқытушылары Павлодарға жеке тұлға ретінде ешбір қызметтік куәліксіз, іссапар парағысыз келген.  Әлбетте, кез келген адам белгілі уақытта қонақ бола алады, дегенмен олар қонақ болып қалуы керек.  Біздің қызметтер ешбір хаттама  толтырмады. Олар өз қателіктерін  түсініп,  еліне оралды.   Қазақстандық және шетелдік  жоғары оқу орындары оқушылардың қатысуымен өтетін шараларды ұйымдастырмас бұрын білім беру басқармасымен кеңесуі керек. Біз өз тарапымыздан облыстық ТЖД, денсаулық сақтау және ішкі істер басқармаларымен шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.  

 Дінислам Болатханұлының  айтуынша, білім беру басқармасы барлық әлемдік ЖОО-мен  түрлі олимпиадаларды өткізуге дайын. Дегенмен заңға сәйкес білім беру басқармасы мен мүдделі жақ арасында екі тарапты келісімшарт жасалуы керек. Осыған сәйкес    қауіпсіздік  қамтамасыз етіледі.

 Себебі, қазіргі таңда жастардың санасына кері әсер ететін  түрлі тренингтер  арқылы жасөспірімдер мен балаларды секталарға тартатын жағдайлар аз емес.  Сондықтан  олардың өмірі  мен денсаулығы үшін ғана емес, рухани қауіпсіздігіне жауапкершілік –  басқарманың міндеті.  

 - Жоғарыда аталған жағдайдан кейін Новосібір мемлекеттік университетінің ректоры Анатолий Батаевпен телефон арқылы сөйлестік, - дейді Дінислам Болатханұлы. – Нәтижесінде екі жақ  та мұндай шараларды заң шеңберінде өткізу керек деген шешімге келдік.  Ресми түрде жүгінген жағдайда  тегін және  көпшілікті қамту арқылы шараны ұйымдастыруға әрдайым дайынбыз. Біздің мақсат -  ашықтық пен қолжетімдікті қамтамасыз ету.

 Славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина заң нормаларын білместен олимпиаданы ұйымдастырғанын айтып, өз  қателігін толығымен мойындады.  



 - Мен өзімінің қателігімді мойындаймын, - деді Татьяна Кузина. – Менің басты қателігім облыстық білім беру басқармасын ескертпегенімде болды. Бұл олимпиаданың қорытындысы жасырылмаған, қолымызда бар. Жоғары оқу орнының да сайтында ілінген. 22-наурыз күні балалар алаңда ойнап жүрген. Сол кезде ешкімге бөгет жасамау үшін  тыныш қана олимпиада өткізуді жөн көрдік.

 Бұл жағдайдан кейін № 6  мектептің директоры Галина Кулаковская өз еркімен директор лауазымынан бас тартып,  оқытушы ретінде қалған.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, Дінислам Болатханұлы