Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.

- Былтырдан бері ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу  емтиханы болып табылады, - деді Дінислам Болатханұлы. - Білім беру басқармасы тестілеуге тікелей  қатыспайды.  Әрбір оқушы мектепте  емтихан тапсырғаннан кейін аттестат алады. Бұдан кейін ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынайды. Дегенмен біз тестілеуді ұйымдастырудан түбегейлі бас тартқан жоқпыз. Себебі, біз балалардың болашағына бей-жай қарай алмаймыз. Сондықтан оларға барынша көмек көрсетеміз. Айта кетерлік жайт, бұған дейін ҰБТ-ның қорытындысы бойынша өңірдегі мектептердің рейтингі  жасалатын. Биылдан бастап мұндай тізім  жасалмайды.

Басқарма басшысы талапкерлердің басым бөлігі техникалық мамандықтарды таңдағанын атап өтті.

-  Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында техникалық салаға және ІТ технологияларына баса назар аударады, - деді спикер. - Сондықтан талапкерлерге осы мамандықтарды таңдауға кеңес береміз. Түлектер жергілікті  және  астаналық жоғары оқу орындары мен Назарбаев университетінде білім алуды жөн көреді.

 Славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина Мәскеуде өткен жиынға қатысқанында  жарияланған мәліметпен бөлісті.

-  Ресми деректерге сүйенсек,  шетелдік оқу орындарында қазақстандық студенттердің 20 пайызы білім алады, - дейді Татьяна Кузина. - Олардың 10 пайызы диплом алғаннан кейін елге оралады. Бүгінде жастарымыз Алматы, Астана қалаларында жұмыс істейді.  Биылғы жылы Ресей Қазақстанға 500 білім грантын бөліп отыр.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, Дінислам Болатханұлы