Кездесуге облыстық мәслихаттың депутаттары,  партия фракциясының мүшелері, құзырлы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және өзге де ұйымдардың өкілдері, қаламыздың медициналық мекемелері бас дәрігерлері,  ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен қарапайым қарттар қатысты.

«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссияның аймақтық кураторы Серім Сыздықов азаматтарды ашық әңгімеге шақырды.

Отырыс барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары Гүлнар Қамалованың ақпараты тыңдалды.

-    Егде жастағы азаматтарға деген сый-құрмет тек мейрамдар қарсаңында емес, тұрақты түрде жүзеге асырылады, - дейді Гүлнар Қамалова. -  Мысалы, «Қамқорлық» айлығы аясында 800-ден астам азаматқа жалпы сомасы 151 миллион теңгеге түрлі көмек көрсетілді. Көмекке зәру 360 мүгедек пен жалғызбасты қарттардың арнайы Картасы жасақталды. «Асыл жүрек» акциясы бойынша оларға жалпы сомасы 7,5  миллион теңгеге жәрдем көрсетілді.

Оның айтуынша, бұдан басқа, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Твори добро» акциясы бойынша үстіміздегі жылдың наурыз - маусым айлары аясында 2000-нан астам қарт адамға түрлі жәрдем  көрсетіледі.

Аға буын үшін қолайлы жағдай жасау шаралары облыстың медицина мекемелерінде де жүргізіледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айгүл Мұқышеваның сөзінше,  аймақ емханалары мен ауруханаларында тіркеу орындарын бірінші қабатта орналастыру жұмыстары жүргізіле бастаған. Облыста 28 белсенді қарттар мектебі жұмыс істейді. Өткен жылы  мұнда  бес мыңнан астам адам жүгінген.

Серім Сыздықов 2018 жылдан бастап, қажетті тегін медикаменттер ардагерлердің үйлеріне жеткізілетінін атап өтті.



pavlodarnews.kz

Тэги: рухани, қарттар, қоғам