Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

«Қазақ жылқысы жайлы көп айтуға болады. Дегенмен еліміздегі барлық жылқының небәрі 6 пайызы ғана асыл тұқымды деп қарайтын болсақ, жылқы тұқымын асылдандыру, оған субсидия бөлу, жылқы тұқымына селекция жасау мен жаңа тұқым шығару мәселесі қуанарлық жағдайда емес. Осыған орай бүгін біз жылқытанушы ғалымдар мен жылқы бағушы шаруа қожалықтарының иелері бірлесе отырып, қазақтың жабы, көшім, мұғалжар жылқы тұқымдарының мәселесін қарамақпыз. Біз неге осы үш тұқымды алып отырмыз, себебі үшеуі де қазақтың төл жылқысы», - дейді конференцияға қатысушы ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов.

Конференцияға Қытайдан, Ресейден және еліміздің барлық өңірінен жылқытанушы ғалымдар қатысып жатыр.

Сонымен қатар, конференция барысында танымал ғалым, «Мұғалжар» жылқысының негізін қалап, жаңа тұқым ретінде тіркеген жылқы зерттеуші Серікбай Рзаевтың 80 жылдығы аталып өтті.

Серікбай Сағитжанұлы «Мұғалжар» жылқы тұқымын шығару барысында, отандық жылқы өсіру бағытындағы жылқы зауыттарының зоотехникалық тәжірибесінде бірінші рет, дүниежүзінде теңдесі жоқ, 1986 жылы өнімділік қасиеті өте жоғары «Зубр» және «Бархат» зауыттық аталық іздері шығарылып бекітілді. Соңғы кезеңде зауыттық бағыттағы «Баз» және «Парад» зауыттық аталық іздерімен 10 аналық топ негізінде қазақы жабы жылқысының жаңа «Қайыңды» зауыттық түрін 1995 жылы шығарып, мемлекетте бекіді.

Аталып өткен еңбектердің нәтижесінде 1998 жылы жаңа Қазақтың «Мұғалжар» жылқы тұқымы шығарылды. Бұдан кейінгі жылдарда Серікбай Сағитжанұлының басшылығымен қазақ жабы жылқысының қайыңдылық зауыттық түрі, Қазақтың «Мұғалжар» тұқымы «Жем» ішкі тұқымдық түрі, Етті-сүтті бағыттағы Қазақтың «Мұғалжар» жылқы тұқымы алынды.

pavlodarnews.kz

Тэги: