Жетісулықтар алдымен Төле би бабамызға құран бағыштады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші кезекте «Узагротехмаш» компаниясына тиесілі Ташкент трактор зауытының жұмысымен танысқан Амандық Баталов техниканы сатып алып қана қоймай, оны Жетісуда құрастыру екі тарапқа тиімді болатындығын тілге тиек етті. Ол үшін Алматы облысының мүмкіндігі зор екендігін алға тартқан облыс әкімі "Талдықорған" индустриалды аймағынан жер бөліп, жинақтау цехын ашуды ұсынды.

Бұл ұсынысты құп көрген Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Нодир Отажонов Ташкент тракторларының Қазақстан нарығындағы сұранысын зерделеп, тиімділігін анықтау үшін арнайы жұмыс тобын жіберетіндігін алға тартты. Қазір зауыт жылына 6 мың ауылшаруашылық техникаларын шығаруда. Салыстырмалы түрде алғанда былтыр бұл көрсеткіш 1,5 мың дананы құраған. Бұдан кейін Амандық Баталов бастаған бизнесмендер Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен өткізілген бизнес форумға қатысты. Мұнда негізінде Алматы облысының инвестициялық әлеуеті сөз болып, жетісулық зауыт-фабрикалардың жұмыстары таныстырылды.

Айта кетейік, былтыр Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-саттық көлемі 36 миллион АҚШ долларын құраған. Облыс кәсіпкерлері 15,8 млн долларды құрайтын тауар экспорттаса, импорт - 20,2 млн долларға жеткен. Осы орайда, өзара ынтымақтастықты, сауда-саттықты арттырудың оңтайлы жолын іздеген қос тарап, бірқатар жобаларды талқылап, басын ашып алды.

Сондай-ақ, жаңадан бой көтерген Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің ауласына ағаш отырғызған Амандық Баталов жаңа ғимаратта Жетісу өңірінің жеке бөлмесі әзірленіп, кәсіпкерлердің келіссөз жүргізулеріне мүмкіндік туғанын атап өтті. Өзбекстандағы ресми сапардың алғашқы күні Алматы облысының мәдениет күндерінің ашылу салтанатымен қорытындыланып, 900 орындық "Түркістан" концерттік залында жетісулық өнерпаздардың мерекелік концерті өтті. Шара аясында өзбек ағайындарға ұлттық қолөнеріміз жайлы сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, Алтын адамның әшекей бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды.

pavlodarnews.kz

Тэги: