Аграрлық сектордың дамуы туралы қожалықтың басшысы Равиль Мингазов баяндады.

- Жылына бір гектардан 80 тонна өнім аламыз, - деді Равиль Мингазов. – Статистикаға мәлімет жіберген кезде  бізден үнемі  мұнша үлкен көрсеткішке қатысты түсінік беруді талап етеді. Себебі, бір жылдары Ресейде бір гектардан 70 тонна алынғаны туралы ақпарат тіркелген, 85 тонна деген мүмкін емес деп жатады. Осыған байланысты түсініктеме жазуға тура келеді. Тіпті, гектарынан 100 тоннадан астам өнім алған кездер болды.  

Облыс әкімі Болат Бақауов шаруа қожалығының нарыққа қанша мөлшерде сәбіз қажет болса, сонша мөлшерде өсіруге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.   

- Кәсіпкер ұзақ уақыт қойма салуды армандаған,  - деді  аймақ басшысы. -  «ҚазАгро» арқылы несие алуға ниет білдірген. Алайда несие ала алмаған соң, барлығын өз қаржысына тұрғызды.  

Равиль Мингазовтың айтуынша, өнімінің 30 пайызы алқаптан сатылса, 25 пайызы Ресейге экспортталады. Қалғаны Алматы, Қарағанды және Астана  өңірлеріне жеткізіледі.

Әрқайсысы төрт тоннадан тұратын екі көкөніс қоймасынан сәбіз пен картоп    қараша айынан босатыла бастайды. Сонымен қатар, мұнда элиталық сұрыпты картоптың тұқымдарын  өсіретін зертхана мен жылыжай орналасқан.

Алқаптарда картоптың келісі 35 теңгеден сатылады. Қалған өнім қоймаларға жеткізіледі. Орташа есеппен алғанда бір келі өнімнің жылдық бағасы 60 теңгені құрайды.

Вице-министр  Арман Евниев кәсіпкерге балалар тағамы мен шырындар шығаруға кеңес берді.

- Әрі қарай жұмыс істеп, қайта өңдеумен айналысу қажет, - деді Арман Евниев. – Тауарды  өткізу мәселесін шешуді қарастырған дұрыс. Адамдардың тамақтану мәдениетін ауыстыру қажет.

Айта кетейік,  Евгеньевка ауылында 1997 жылы құрылған «Тимур» ШҚ картоп, көкөніс және жемдік астық шығарумен айналысады.

Бұдан кейін вице-министр Железин ауданындағы «Пахарь ШҚ» ЖШС-нің жұмысымен танысып, Качир ауданында  кеңейтілген кеңес өткізеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, вице-министр