- Біздің кәсіпорын Қазақстан бойынша барлық өңірлермен жақсы байланыс орнатқан, - деді «Рубиком» ЖШС-нің басшысы Вячеслав Руф. – Өзіміздің қоспа жем шығаратын зауытымыз  жұмыс істейді. Құрал-жабдықтар Германия және Қытай елдерінен әкелінген. Бұдан басқа, мал шаруашылығы бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Облыс  бойынша екі мал шаруашылығы кешені бар. Оның бірі – Павлодар  ауданында, екіншісі Мичурино ауылында орналасқан.  Қолданылатын технологиялар мен көрсеткіштер бойынша біздің кәсіпорын республика бойынша ең үздік деп айтуға болады. 2017 жылы  70,5 мың тонна дайын ет өндіріліп, жүз пайызы зауытта өңделген.   

Өндіріс бойынша директордың орынбасары Александра Буторинаның айтуынша,   мұнда тәулігіне 15 тонна өнім шығарылады. Оның ішінде түрлі жеңсік ас, шұжықтар мен жартылай фабрикаттар бар.

Қазіргі таңда ет өңдеу комбинатында жөндеу жұмыстары аяқталуда.   Болашақта сырттан келетін жабдықтаушылардан тәуелділіктен  арылу үшін мал шаруашылығы кешендерінің көлемін арттыру жоспарланып отыр.

- Көбінесе сиыр еті жетіспейді, - дейді Александра Буторина. – Біздің өзімізде сиыр өсірілмейді. Айына 450 бас шошқа сойылады.  Былтырғы жылы өнімнің 10 пайызы Ресейге жіберілген. Өндіріс орнында 600 адам жұмыс істейді.

Вице-министр Арман Евниев өнімнің сапасы бойынша қандай  шаралар атқарылып жатқаны туралы сұрады.

Вячеслав Руф бұл бағытта үнемі жұмыс жүргізіліп тұратынын айтып, инстаграм әлеуметтік желісінде арнайы парақшалары бар екенін жеткізді.

- Кеше ғана құс өндірушілер одағымен  өткен кездесуде осы мәселе талқыланды, - деді вице-министр. -  Тауардың сапасы  туралы ақпарат  тұтынушыларға  жеткілікті деңгейде  жетпей жатады.  Кейбір мемлекеттік органдар дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан түрлі бағдарламалар арқылы баспасөзде жұмысты күшейту қажет.   

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, қоғам, Рубиком