Бұл туралы ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-тағы жеке парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы жеке парақшасындағы бейне жазбада «Теле радио хабарларын тарату туралы» заңға сәйкес мемлекет жарты жыл көлемінде эфирлік цифрлық теле радио хабар таратуға ауысудың уақытын белгілеуі қажет екенін атап көрсеткен.

«Құрметті қазақстандықтар өздеріңіз білетіндей біз қазір эфирді цифрлық теле радио хабар таратуға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Цифрлық телевидение деген не? Бұл видео белгі мен дыбыс таратудың жоғарғы сапасы. Сондай-ақ, визуалды кедергілерді жойып, эфирдегі тұнық дыбысты қамтамасыз етеді. Осылайша отандық телеарналарды ақысыз цифрлық сапада тамашалау мүмкіндігі. Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында отыз арнаға дейін көруге болады. Кезінде еліміздің ең шалғай елді мекендері мен тұрғындары аз қоныстанған ауылдарда екі үш арнаны көруге мүмкіндік бар еді. Ендігіде он бес отандық телеарнаны жоғары сапада тамашалайтын болады», - деді Абаев Facebook-тағы бейне жазбасында.

Министрдің айтуынша, цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді.

«Цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді. Тура алты айдан соң Маңғыстау облысы толық цифрлық хабар таратуға көшеді. Екі жыл ішінде өзге аймақтар да цифрлық хабар таратумен қамтамасыз етіледі. Аналогтық хабар тарату кезең кезеңімен тоқтатылады. Бұл үлкен әрі зор еңбекті талап ететін жұмыс. Келісіп пішкен тон келте болмайды, біріксек алынбайтын қамал жоқ», - деп түйіндеді Абаев.

pavlodarnews.kz

Тэги: