Қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Темір Қасқабаевтың айтуынша, 2017-2018 жылдардағы жылу маусымы тұрақты режимде өтіп, өзінің аяқталу мерзімініне таяп келеді.

- Жылу маусымы 2017 жылдың 18-қыркүйегінде басталған болатын, - дейді бас маман. – Үлкен техникалық апаттар орын алған жоқ. Жергілікті билік органдарымен ауа райының нормалары мен ережелерін ескере отырып, 23-сәуір күні жылу маусымын тоқтату туралы шешім қабылданды. 21-24-сәуір күндері ауа температурасы жоғарылайды, сол үшін осындай шешімге тоқтадық. Алайда, бұл тек жоспарымыз ғана. Күн күрт суыса, жылу маусымы жалғасады.

Айта кетейік, жылу маусымын аяқтау үшін үш күн бойы тәуліктік ауа райы орташа +8 градус шамасында болу керек.

Темір Қасқабаев атап өткендей, бұл мәселе бойынша ПИК қауымдастығы, Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы, «Павлодар жылу желілері» ЖШС мен облыстық «Қазгидромет» өкілдері арнайы отырыс өткізген болатын.

Еске салайық, осыған дейінгі жылу маусымы тұрғын үйлерде 22-сәуірде, ал білім беру мен денсаулық сақтау нысандарында 29-сәуірде аяқталған.

Абзал Қабдраш
Фото: gov39.ru

pavlodarnews.kz

Тэги: Жылу маусымы, қоғам