Бұл туралы станцияның бас дәрігері Қанадан Ахметжанов айтты.

-  Барлық  аудандар, қосалқы станцияның жедел жәрдем көліктері заманауи медициналық жабдықтармен және бір рет қолданатын құралдармен жабдықталған, - дейді Қанадан Ахметжанов. - Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін былтырғы жылы кардиометрлер, кувездер, узи-аппараттар және эхонцефалограф сатып алынды. Заманауи құралдар және жоғары мамандандырылған кадрлар тұрғындарға жедел медициналық көмекті сапалы түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан медициналық ұжымның біліктіліктерін жетілдіруге және халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық көмек беруге  көп мән береміз. 2017 жылы жедел жәрдем станция қызметкерлері базалық реанимация бойынша оқытулардан өтті. Осы жылдың сәуір айынан бастап, ұлғайтылған жүрек-өкпе реанимациясы бойынша республикалық санитарлы авиацияның өкілі  дәрістер өткізуде.  Сонымен бірге  жедел жәрдем жүргізушілері  техникалық қауіпсіздік бойынша міндетті курстарға қатысады.

Бас дәрігердің айтуынша, тәулік бойы жедел жәрдем станция қызметкерлеріне 900-1000, мереке күндері 1200-ге дейін  шақыру түседі.

Өңір тұрғындарының тарапынан түсетін шағымдардың  ішінде: жүрек қан тамыр аурулар саны - 17 658, жұқпалы аурулар - 14 240, тыныс алу аурулары - 9 мыңға  жуық, жарақаттар мен және уланулар 4 мыңға жуық.

2017 жылмен салыстырғанда жол қөлік оқиғасы  30 жағдайға  артып, 142-ні   құраған.

Алыс аудандарға шұғыл медициналық көмекті дер кезіңде сапалы көрсету үшін санитарлық авиация қызметі маңызды рөл атқарады. Осы қызметтің арқасында науқастар, босанған әйелдер, жәбірленушілер мамандандырылған дәрігерлердің көмегімен облыстық және республикалық медициналық ұйымдарда жедел және сапалы медициналық көмек ала алады.

Жыл басынан осы қызмет түрі бойынша 104 шақыру орындалған. Оның ішінде 21-і - әуе көлігімен және 83-і - жерүсті көлігімен іске асырылған шақырулар.  
  

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам