Оған республиканың әр өңірінен келген 15 командадан 90 бала қатысуда. Өңірімізге қадам басып жатқан қонақтарға облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев жылы лебізін білдірді.

- Құрметті қонақтар, қымбатты балалар!, - деді Жомарт Қарамбаев. – Алдымен алты алаш жұртына аты мәшһүр, тағылымы терең, өнегесі өршіл, өрісі кең Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіздер дегім келеді. Өздеріңіз табан тіреп отырған бұл өлке ұлт тарихының талай құндылықтарын, руханияттың баға жетпес мұраларын айшықтап, паш етіп келеді. Елге медеу, ұлтына тіреу болған дара тұлғалардың мекені. Келешекте сіздер сол бабалардың қалдырған рухани құндылықтарына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін. Алдағы күндерде тартысты да, қызықты бәсекенің куәсі болайық.

Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Зауре Аманова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, белгілі айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай жас өнерпаздарға шалқар шабыт тіледі.

Сондай-ақ, қатысушылар Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты оқушылары дайындаған «Жыр - Жерұйық» әдеби-композициялық қойылымын тамашалады.

Айта кетейік, байқау қатысушылары ақындық, шешендік, мәнерлеп оқу, эссе жазу өнерлері бойынша сынға түседі. Сайыс үш күнге жалғасады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам