Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Дәулет Темірболат айтты.

- Аталмыш тестілеуде 3000-ға жуық адамды қамту жоспарланып отыр, - дейді Дәулет Темірболат. – Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала мамандары, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері, әскери сала, төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері бар. 2017 жылы 5681 адам қамтылған. Биыл алғаш рет тестілеуге қатысушылардың 40 пайызға жуығын өзге ұлт өкілдері құрап отыр. 

Маманның айтуынша, «Қазтест» жүйесі өңірде 2012 жылдан бастап екі рет – көктем және күз мезгілдерінде ұйымдастырылып келеді.   

Биылғы жылы тапсырмаларды орындауға екі жарым сағат берілген. Қатысушылар тыңдалым (30 сұрақ), лексика-грамматика (70 сұрақ) және оқылым (50 сұрақ) бөлімдері бойынша тест тапсырады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында  «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік тілді В1 және С1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің үлесін арттыру қарастырылған.


Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, тіл, қоғам