- Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған жоба, - деді  қала әкімі Нұржан Әшімбетов. - Әлі күнге дейін халықаралық, қазақстандық  компаниялардан  жобаны әзірлеу бойынша ұсыныс түсуде. Алайда біз «BFGroup Inc» серіктестігін таңдадық. Себебі, жобалаушы Сергей Голышев қосымшаны қалаға сыйға тартады. Ендігі уақытта жобаның меншік иесі  қала әкімінің аппараты болады. Бүгінде 13 мыңнан астам қолданушысы бар  қосымша  былтыр қыркүйек айында әзірленіп,  желтоқсан айының соңында  тіркелген.  Әлемде Копенгаген, Пекин қалалары  тұрғындарға барлық жағдай жасау бойынша бірінші орында тұр. Біз де соған тырысамыз. 

Қазіргі таңда сегіз мемлекеттік орган мобильді қосымшаға қосылған:  тұрғын үй инспекциясы, жер қатынастар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат бөлімдері мен қала әкімінің аппараты. Оларға қалалық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген.

«BFGroup Inc» ЖШС-нің авторы Сергей Голышевтың айтуынша,  былтыр «Ақылды үй» қосымшасының тұсауы кесілгеннен кейін  жоба  әрі қарай  жетілдірілген. Бүгінде коммуналдық кәсіпорындар мен қызмет көрсету ұйымдарының 1000-нан астам  өтініші өңделген.

 Тұрғындар үшін өздерінің пәтер иелері кооперативі, тұрғын үйдің жағдайы    мен  электр энергиясының өшірілуі, жөндеу жұмыстары, учаскелік инспектор туралы мәлімет  ұсыну, қызмет көрсететін ұйымға баға беру мүмкіндігі қарастырылған.

-    Жаңа жоба тек бір ғана тұрғын үй секторында  емес, Павлодар қаласының барлық бағытында қолжетімді болғаны дұрыс, - деді Сергей Голышев. - Қазіргі таңда спорт, мәдениет бөлімдерінде немен айналысуға болатыны, қандай шаралар өтетіні, әлеуметтік қорғау бөлімінде  инватакси қызметі жөнінде, футбол және спорт алаңдарының жұмыс кестесі мен аңдатпалар орналастырылған. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының мектепке қай уақытта келіп-кеткені туралы  біліп отырады.    

 Айта кетейік,  мобильді қосымшаны IOS Android  OS операциялық жүйесіндегі қолданушылар тіркеліп,  телефон нөмірі мен ЖСН, бір реттік құпия сөз-СМС арқылы жүктей алады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, Цифрлы Қазақстан, рухани